«Күйеуі электрошокермен азаптаған»: Екі қызы мен әйелін өртеп жіберді деген күдікпен ауыл тұрғыны қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Қайғылы оқиға Батыс Қазақстан облысында болды

11 сәуір күні Тасқала ауданы Ақтау кентінде 30 жастағы Жадыра Жұмалиеваны 8 жасар қызы Инабат және 6 жасар қызы Айшамен бірге жерледі. 8 сәуір күні түнде олардың жанып кеткен денелері өртенген үйдің қирандылары астынан табылды. Үйді өртеп жіберген деген күдікпен полиция Жадыраның күйеуі және қыздардың әкесі Серік Кафизовты ұстады. Бұл туралы Орал апталығы басылымы жазды.

«АСПАНДА КҮН ЖОҚ» 

Бұл 7 жасар Инабат Кафизованың дәптеріндегі соңғы жазба. «Сегізінші сәуір. Сынып жұмысы. Бүгін ауа райы бұлтты. Аспанда күн жоқ» деп жазады бүлдіршін.

Сол күні кешкі сағат 22.00-де Инабат сіңлісі Айша және анасы Жадырамен атасының үйінен шығып, Сүлейменов көшесіндегі өз үйіне барады. Төрт сағаттан кейін, түнгі 01.15-те қарама-қарсы көшеде тұратын жас қыз Инабаттың үйі жанып жатқанын көреді.

Өрт сөндірушілер отты түнгі үштен кейін сөндірді. Үйдің алдында көрші-қолаң жиналып қалған. Бірнеше минуттан кейін жасақ жанып кеткен бала мен ересек адамның мәйітін тапты. Бұл Жадыра мен үлкен қызы Инабаттың денелері болатын. Кейін үшінші мәйітті келесі бөлмедегі қабырға мен пештің арасынан алып шыққан. Бұл кішкентай Айшаның денесі.

«Бәрі «өрт сөндірушілер қазір тағы бір денені – Серікті табар» деп күтті. Бірақ үйінділерді аршыған кезде, Серіктің жанып жатқан үйде болмағаны түсінікті болды», – дейді Дамир есімді жергілікті тұрғын .

ЕР АДАМДАР ДА КҮҢІРЕНІП ЖЫЛАДЫ

Алайда Серік алты сағаттан кейін табылды. Ол  үстіндегі қан-қан жейдесімен көрші ауылға кетіп бара жатқан. Серік өз-өзіне қол жұмсамақ болған немесе оған біреу пышақ ұрған деген күдік бар. Мойнындағы жарақаты ауыр емес. Полиция оны ауруханаға апарып, жарасын тіктірді.  11 сәуір күні қыздары мен жұбайын жерлеген соң, сот Серік Кафизовты екі және одан да көп адамды өлтірді деген күдікпен қамауға алуға санкция берді.

Марқұмдар Ақтаудан үш шақырым жердегі ауыл зиратына жерленді. Жадыра ортасында, екі қызы екі жағында. Жерлеуде болған адамдар мәйітті үйден шығарған кезде бәрі тыныш болғанын айтады. Кейін Жадыра мен қос періштенің жас топырағын көріп, зарлаған әйелдерге ер адамдар да қосылып, күңіреніп жылаған.

ЖАДЫРАНЫҢ ЖАНАШЫРЫ

Жадыраның әпкесі Жәния соңғы кезде Серікпен ажырасуды талап еткен жалғыз адам. Марқұм ата-анасын ренжіткісі келмей, әпкесіне мұңын шаққан екен.

«Мен түн ортасында Жадыраның үйі жанып жатқанын естігенде оны өртегеніне сенімді болдым. Мен үйде адам жоқ деп ойлап, полицейлермен қараусыз қалған фермаға бардым. Серік Жадыраны сол жерге апарып, ұрып-соғып жатыр деп ойладым. Маған қоңырау шалып, үйден Жадыра мен қыздардың денесін тапқандарын айтқанда, мен бәрінен үміт үзгендей болдым. Тек Серікті жылдам табу керек дедім», – дейді Жәния.

ТУЫСТАРЫ КҮЙЕУІМЕН ТАТУЛАСУҒА КӨНДІРГЕН

Жадыра бұрын ұрып-соққан күйеуі Серіктің үстінен полицияға арыз жазған. Бірақ туған-туыс араласып, отбасы қайта қосылыпты.

«Сол кезде Серік Жадыраны қараусыз қалған фермаға алып шығып, оны қатты ұрып, бір сағат бойы машинасымен далада қуған. Ол шаршап құлаған кезде оны қайтадан машинаға салып, үйіне апарған. Сол кезде ол алғаш рет Серік үнемі ұратынын айтып берді. Мен Жадырадан арыз жазуды сұрадым. Бірақ Жадыра бұл туралы маған бір аптадан кейін айтты. Ұрып-соққанын дәлелдеу қиын болды. Дегенмен, Жадыра арыз берді. Бірақ оның ата-анасы мен туыстары, достары келіп араласты. Сол кезде Жадыра ақымақтық  істеп, оны кешірді. Іс тараптардың татуласуымен тоқтатылды. Жадыраның ата-анасы балалар үшін отбасын сақтау керек, салт-дәстүр, отбасылық құндылықтар туралы айтып, олар қайтадан татуласты», – дейді Жания.

Жадыра Серікпен  татуласқаннан кейін, ол тағы ұрып-соғуын бастайды. Бұл жолы Жадыра ешкімге шағымданбады. Себебі, өзі кешірген соң, бұлай істеу ыңғайсыз деп санады. Бірақ  Жәния сіңлісіне күнде қоңырау шалып, күйеуімен қарым-қатынасы қалай екенін сұрап отырған.

Жадыраның соңғы суреттерінің бірі

«Мен бірде оның бетінің жырылғанын көрдім. Жадыра сиыр сүзді деп айтты. Бірақ кейін Серік оны бірнеше рет ұрғанын мойындады. Мен оған ұрыстым. Оған келесі жолы ештеңе жасырмай, бірден маған қоңырау шал деп айттым», — дейді Жания.

КҮЙЕУІ ЭЛЕКТРОШОКЕРМЕН АЗАПТАҒАН

 29 ақпанда Серік пен Жадыра аудан орталығына, оның немере әпкесі Шырайлымның мерейтойына, «Бахыт» мейрамханасына барады. Мерейтойда Серік мас болып, бір қонақпен төбелескен. Жанжал кезінде Жадыра такси шақыртып, кентке қайтып кетеді. Ұлының мінез-құлқын білетін енесі балалардың қасында қонып, Жадыраға өз үйіне барып жатуға кеңес береді.

«Сағат 05.30-да Серік  машинасымен қайын атасының үйіне келіп, ішінен кілттенген екі есікті сындырып, Жадыраны төсектен шашынан сүйреп тұрғызып, оның басын қабырғаға ұрған. Содан кейін оны далаға шығарып, көлікке отырғызып, кетіп қалады. Жадыраның анасы (әкесі сол кезде үйде болған жоқ) көліктің артынан жүгіріп, маған қоңырау шалды. Мен бірден полицияның кезекші бөліміне қоңырау шалып, оқиға туралы хабарладым.

Серік машинасымен өз үйіне барып, бір сағаттан астам уақыт бойы Жадыраны ұстап отырды. Учаскелік полиция қызметкері бір жарым сағаттан кейін Нұрбек пен Мирманмен (қоғамдық көмекшілер) бірге келді. Осы уақыт ішінде Серік әйелін машинада бостан-бос ұстап тұрмаған. Ол оны электрошокпен қорлаған. Оның қолында және кеудесінде электрошокер іздері болды. Жадыра полицияға өтініш берді.

Бірақ Серік тек – денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және бөтен үйге заңсыз басып кіргені үшін жауапкершлікке тартылды. Электрошокермен азаптау, адамды заңсыз бас бостандығынан айыру туралы сөз де болмады. Прокурор 10 тәулік қамауға алуды сұрады. Алайда, сот Серікті қолдап, оған бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын назарға ала отырып, тек 5 тәулік қамауға алу берді», - дейі Жәния.

Серік Кафизов. Фото әлеуметтік желілерден алынды

«МЕН СЕНІ ӨРТЕП ЖІБЕРЕМІН» 

Қамауға алынған  күні Серік Жадыраның ұялы телефонына қоңырау шалған. Басында қорқытуға тырысып, содан кейін кешірім сұрайды. Әкімшілік қамауға алынған адамның ұялы телефонды қайдан алғаны түсініксіз.  Бес тәуліктен кейін Серік вахтаға кеткен. Жадыра ажырасуға өтініш береді. Алайда, тағы да  туыстары мен достары, шаруа қожалықтарының басшылары Асқар Мальтиев пен Берік Темірбеков келген. Барлығы Жадырадан Серікті кешіруді және ажырасуға берген арызын қайтып алуды сұрапты.

«Халықты» алдында ұят болады», «Қыздарың үшін отбасыңды сақта» деген сынды әр түрлі сөздер айтқан. Барлығы ересек адамдар, отбасының әкелері, күйеулері! Және осылапдың біреуі де бүгін жерлеуге келген жоқ. 3 сәуір күні Серік Жадыраның ата-анасына келді. Оны кешіруді сұрады. Мен оған саусағымның ұшын да тигізбеймін деп уәде берді. Жадыра оған «жоқ» деп кесіп айтып, онымен тұрмайтынын айтқан. Сол кезде ата-анасының көз алдында, өзінің анасының көзінше Серік: «Менен құтылам деп ойлама» деген», – дейді Жәния.

ҚЫЗДАРЫ «ӨТЕ ЖАҚСЫ» ОҚЫҒАН, ҰҚЫПТЫ, СЫНЫПТА БЕЛСЕНДІ БОЛАТЫН

Серік 10 жыл бойы Жадыраға жұмыс істеуге рұқсат бермеген екен. Көршілердің айтуынша, осы жылдар бойы марқұм әйел бес сиыр мен он қойды күйеуінің көмегінсіз өзі қараған. Сүт, қаймақ, май сатқан. Жанып кеткен үйдің ауласына қарасаң, отбасында еркек бары байқалмайды.

Былтыр қыркүйек айында Жадыра жергілікті мектепке кітапханашы болып жұмысқа орналасты. Мектеп директоры Баян Ирғалиева Жадыраның қалай жұмыс істегенін айтып берді.

«Мен ұзақ жыл ауыл мектебінде жұмыс істеймін. Жадыра келгенде, мен уайымдап, оны барлығына үйретуге тура келеді деп ойладым, өйткені білім беру жүйесінде соңғы жылдары көптеген реформалар болды. Ал Жадыра 10 жыл үйде отырған әйел. Ол бәріне дайын болды: ноутбукпен, компьютерлік технологияларды жақсы білетін.

Жұмысқа ұқыпты киініп, бұрын да мұғалім болып жұмыс істеген сияқты болып келді. Қысқа уақыт ішінде біздің мектепте өзін тек жақсы жағынан көрсетті: адал, жауапты, еңбекқор, көпшіл, оқушылар мен әріптестері оны өте жақсы көрді. Ол туралы аудандық білім бөлімінің әдіскерлері де жақсы пікір білдірді.

Барлық сыныптан тыс іс-шараларға ол мұқият дайындалып, барлығын ұсақ-түйекке дейін ойластырды. Жадыра өте жақсы ана болды, қыздары әрдайым ұқыпты, таза, «өте жақсы» деген бағаға оқып, сынып өміріне белсене қатысты», — дейді Баян Ирғалиева.

Ортада Жадыра, Инабат (сол жақта) және Айша (оң жақта)

Баян Ирғалиева Жадыраның отбасындағы проблеманы тек жақында ғана білгенін, бұл туралы ертерек білсе, жағдайды реттеуге, жұртты көтеруге тырысуға болар еді деп мойындайды.

«Жадыра ешқашан ауыл әйелдері сияқты сиыр сауу керек еді немесе бала қарау керек еді деп жұмыстан сұранып көрмеді. Бірақ ұжымда фуршет немесе мерекелік бас қосу болған кезде, әрдайым бас тартатын. Маған күйеуім рұқсат бермейді деп айтатын», – дейді Баян Ирғалиева.

Жадыра құрбыларымен де араласпаған. Телефонда артық нөмір болса, күнделікті өшіріп отыратын көрінеді. Өйткені, Серік бейтаныс нөмір көрсе жанжал шығаруы мүмкін.

«Ол тіпті,  сыныптастарымен араласпады. Соңғы жылдары оны кездесуге немесе туған күнге шақырудан көбі бас тартқан. Өйткені, күйеуі жібермейтінін білген. Жадыра қайтыс болғанға дейін күн сайын телефонда қоңырау журналын тазалайтынын айтты. Себебі, Серік телефонды тексеріп, күдікті бейтаныс нөмір үшін жанжал шығаруы мүмкін. Оның Инстаграмм,  басқа да әлеуметтік желілерде парақшасы жоқ еді», – дейді Жания.

ЖАС ӨЛІМНІҢ ТАҒЫ БІР СЕБЕБІ 

Төлеген Жадыраның алыс туысы болып келеді. Ол зиратта қабір қазған бригада жұмысын ұйымдастырды. Зиратты суретке түсіруге журналистерді Төлеген ертіп барды.

«Мұнда менің немере ағам жатыр. Ол асылып қалды. Бұл менің құрдасым, ол да өз өзіне қол жұмсады», - деп Төлеген зираттағы туыстарын таныстырып шықты.

Құлпытастарда әр түрлі адамдар бейнеленген. Көбі жас.Төлеген әр жылдары 30 жасқа жетпей, жер жастанған үш марқұмның моласын нұсқап көрсетті. Егер оларға төбелес немесе көлік апатынан қаза тапқан жігіттердің қабірін қосса, жастай қайтқан тағы бесеуі жатыр. Жүз шақты түтіні бар ауыл үшін - бұл көптеу. Төлеген мұның себебін бір сөзбен жеткізді.

«Мұның бәрі арақтан. Және тығырықтан шыға алмаудан», - деді ол.