«Мүмкін маған белгі бергісі келген шығар». Байжанов Салтанатты ең соңғы рет қашан көргенін айтып берді

Автор: Темірхан Айжан

Байжановтың айтуынша, бейнежазба жойылған кезде ол Салтанаттың көз жұмғанын білмеген

Фото: видеодан кадр

Сот отырысында Бишімбаевтың інісі Байжанов 9 қараша күні болған оқиғаларды баяндады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

«9 қарашада таңғы сағат 07:00-де үйде ұйықтап жатқанымда маған біздің күзетші Данияр Қасымбаев телефон соқты. Ол Бишімбаев пен Нүкенова ішімдік ішіп алып, көлікпен кетпек болғанын айтты. Машина бордюрға соққан. Мас күйде машина жүргізу қауіпті болғандықтан, оған тез кілтті алып ал дедім. 08:00 кезінде мейрамхананың әкімшісі Қарлығаш Алмағамбетова хабарласты. Ол Бишімбаевтың түнімен ашуланғанын, мейрамханада жөндеу жұмыстарын істеп жүрген жігіттерге маза бермегенін айтты. Мен Қуандық пен Салтанаттың түнімен мейрамханада болып, кезекті рет жанжалдасқанын Данияр мен Қарлығаштан естідім. Мен оған таң қалған жоқпын. Себебі олар бірге тұрғаннан бастап, ұрыс-керіс, жанжал, төбелес, жиһарздарды қирату кәдімгі жағдайға айналып кеткен. Мен олардың ұрысын талай көргенмін. Салтанаттың беті көгеріп жүретінін де көрдім. Мен олардың ұрысынан кейін қираған жиһаздарды, есіктерді жөндеуге жұмысшыларды жіберетінмін. Жұмысшылар жөндеп болған соң маған фотоларын есеп үшін жіберетін. Менің телефонымда жұмысшылармен диалогтарымыз сақталған. Сынған дүние-мүліктің де фотолары сақталған. Мен тергеушілерге телефонымды тексеруге бердім, поролімді айттым. 9 қарашада таңертең 9:30-да Бишімбаев маған хабарласты. Маған ештеңе түсіндірместен мейрамханаға келуімді сұрады. Мейрамханаға дейінгі жол 10-15 минут уақытты алады. Менің мейрамханадағы жұмыс орным 3-ші қабатта орналасқан. Мен әдетте жұмысқа 10.00-11.00 кезінде келемін де кешкі 22.00-ге дейін жұмыс істеймін. Мен сол күні 10.00-ға таман келдім. Мен екінші қабатқа көтерілгенде VIP бөлменің бірінің жарығы жанып тұрды. Есікті қақтым, Бишімбаев ашты. Ол мені ішке кіргізбеді. Өзінен арақтың иісі шығып тұрды, бірақ ақыл-есі дұрыс болды. Оның үстінде қара пиджак бар еді, ішінде жейдесі болмады. Мен Салтанатты көз қиығыммен байқап қалдым. Ол диванның шетінде қара пальто жамылып отырды. Оның басқа киімі болған жоқ. Оның басы салбырап отырды, сондықтан Салтанаттың сол көзіндегі ісік пен қызарғанын байқамадым. Кабинка ішінің быт-шыты шығып жатты», - деді айыпталушы. 

Ол Бишімбаевтың көрпе алып келуге бұйырғанын айтты. Ол көрпені алып келіп, 2 минут бөлменің сыртында күтіп тұрған. Сосын Бишімбаев Байжановты ішке кіруге шақырған. 

«Салтанаттың демі ауыр шығып жатты. Бірақ мен оған сол сәтте мән бермедім. Ол қатты шаршағаннан ұйықтап жатқан шығар деп ойладым... Бишімбаев екеуміз оны көтеріп тұрғыздық. Салтанаттың сол жағынан демеген кезімде, ол менің қолымды қысты. Мүмкін белгі бергісі келген болар», - деді Байжанов. 

Бишімбаев Байжановты кейін «біз демаламыз» деп бөлмеден шығарып жіберген. Байжанов күнделікті жұмыстарымен айналыса берген. Бір сағаттан кейін Бишімбаев Байжановқа дәрі мен су әкелуді тапсырады. 

«Мен су мен дәрі-дәрмектерді Бишімбаевқа бердім, VIP бөлмеге кірмедім. Ол «мейрамхана неге жұмыс істеп тұр» деп айғайлады. Мен бұл сөзіне таң қалдым, кесте бойынша жұмыс істейтінін айттым. Бишімбаев мекемені жауып, қызметкерлерді таратуды талап етті. Мен бұл тапсырманы әкімшіге тапсырдым. Бишімбаев оларды өзгелердің көргенін қаламаған шығар деп ойладым”,-дейді ол.

Байжанов Бишімбаевқа ешқашан қарсы шықпағанын атап өтті. 

«Бишімбаев маған бүкіл камераны өшір деп уатсапта жазып жіберді. Мені осы бойынша айыптап жатыр. Мені қасақана дәлелдерді жасырды деп айыптауда, бірақ ол шындыққа жанаспайды. Мен бейнежазбалар жойылғанға дейін мен Салтанатты екі рет қана көрдім. Екінші рет оның қолтығынан демеп көтергенде көрдім. Ол кезде Салтанат басын көтеріп тұрды. Сондықтан бейнежазба жойылған кезде оның көз жұмғанын білмедім», - деді Байжанов.