Қазақ спортшыларының Париж Олимпиадасына арналған алдыңғы киім үлгілері комиссияға ұнамай қалды

Автор: Темірхан Айжан

XXXIII жазғы Олимпиада 2024 жылдың 26 шілдесінде басталады

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Қазақстан құрамасының Париж Олимпиадасына арналған киім формасының дизайны жарамсыз болып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Айта кетейік, XXXIII жазғы Париж-2024 жарысы жылдың 26 шілдесінде басталады. Олимпиадаға дейін небары үш ай уақыт қалғанда, Қазақстан Ұлттық құрамасының киім формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың дизайн тұжырымдамасын әзірлеуге арналған конкурс қайтадан жарияланды.

Бұған дейін, ақпан айында ұсынылған Қазақстан Ұлттық құрамасының киім формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың эскизі комиссия мүшелерінің көңілінен шықпаған.

«Комиссия бірінші конкурсты өтпеді деп шешім шығарды. Ұлттық құраманың формасы ту ұстайтын спортшыға, спортшылар салтанатты рәсімге киіп шығатын форма мен жаттығуға арналған жұптан тұрады. Конкурсқа түскен жұмыстарды арнайы комиссия құрамы қарап, ортақ шешім қабылдайды. Жұмыс тобының қатарына Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті, Қазақстан спортшылары одағының өкілдері, даңқты спортшыларымыз бен БАҚ қызметкерлері кіреді", - деп хабарлады Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

 

Анықталғандай, комиссияның құрамында Елдос Сметов, Серік Сапиев, Азамат Дәулетбеков, Жәмилә Бақбергенова, Ольга Рыпакова, Әбиба Абужақынова, Анна Алябьева, Нұрбек Оралбай, Нұрсұлтан Тұрсынов сияқты спортшылар бар. Ал, комиссия төрағасы – Спортты дамыту дирекциясының директоры Ерлан Естек.

Ендігі конкурс екі кезеңге созылады және әрбір кезең жеңімпазы Ереже шарттарына сәйкес Комиссия отырысында анықталады. 

Конкурс кезеңдері: I кезеңде комиссия конкурсқа қатысушылар өтініштерін, материалдарын қабылдап, 2024 жылғы 10 сәуір 20:00-ден 15 сәуір сағат 18:30 дейін қарайды.

ІІ кезеңде конкурс жеңімпаздары анықталып, 2024 жылғы 16-17 сәуір аралығында жарияланады.