Үш жыл бойы кәсіпкерлерден пара алып келген комитет төрағасы кінәсін мойындады

Автор: Аягөз Құрмаш

Осы іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр

Фото: Антикордың баспасөз қызметі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ресми өкілі Данияр Бигайдаров Антикордың брифингі барысында лауазымды тұлғаның тергеуі жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Данияр Бигайдаров Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасына қатысты істі хабарлады. 

«Агенттік Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырып жатыр. Ол 2021 жылдан бастап 2024 жылдың ақпанына дейін компаниялар қызметіне жалпы қамқорлық жасағаны үшін шағын және орта бизнес өкілдерінен пара алды деген күдікке ілінген. Тергеу соты күдіктіге қатысты электрондық білезікті қолданып, үйқамақ бойынша бұлтартпау шарасын санкциялады. Ол кінәсін толық мойындады. Тергеуге көмектесіп жатыр», - деді ол.

Бигайдаров тергеу жалғасып жатқанын айтты.

«Өзге тұлғалардың бұл іске қатысы бар-жоқтығы қазір тексеріліп жатыр», - деді ол.