"Юра, Сеня, Ирина". Орыс дүкендер, таң атпай ашылатын асхана мен саябақтағы қарттар: Қытай таңы жайлы фоторепортаж
Қытайда дәмханалар мен асханалар таңғы 06.00-ден бастап жұмысқа кіріседі

Қазір шексіз ақпараттық технологияның заманында әр ұлттың дәстүрі, әр елдің тыныс-тіршілігі қандай деген сұраққа жауап табу қиын емес. Мәселен, Қытай халқы таңертең ерте жаппай жаттығу жасайды деген ақпаратты көп оқып, көп естиміз. Дәл осы күндері Қытайда жүрген Azattyq Ruhy тілшісі Бейжің таңындағы тыныс-тіршілік туралы фоторепортаж әзірлеп, таңмен таласа саябақта жүретін қарттармен өзі әңгімелесіп келді.
Қытай - әлемнің екінші экономикасы, алып держава ретінде әлемге өзін мойындатқан ел. Өмірді жеңілдететін технологиялар мен қазіргі заманғы инновациялардың осы елден шығатыны да талап пен тәртіптің мықтылығын көрсетсе керек.
Бейжіңде күн 5:45-те атады. Халқы да ерте жұмысқа кірісуге дағдыланған. Еліміздегі көп қоғамдық орын, мейрамхана мен жұмыс орындары қызметін таңғы сағат 09:00-да бастайтынына бой үйреткен біз үшін бұл таңсық дүние болғанын жасырмадық.
Таңғы 06:00-да тұрғын үй самалдығынан көшедегі қозғалысқа назар аудардым. Ағылған көлік қарасы көп. Орталық көшеге апаратын жолдың бойы болған соң, солай шығар дедік.
Көшеге шығып, орталық жаққа беттедік. Жергілікті дүкендер есігін айқара ашып қойған. Мәселен, мына «Юра» дүкені.
Шетелдіктерге, әсіресе, ТМД-дан келетін қонақтарға түсінікті болатын осы дүкен атауы типтес нысандарды кездестіруге болады. «Юра» дүкен желісі, «Сеня» деген дәріхана, «Ирина» деген шай сататын орын сынды нысандар көзге басылады.
Орталық көшелердің бір сағы.
Қоғамдық тамақтану орындары, көше асханалары да жұмысқа кірісіп кеткен. «Таңғы 06:00-да адам шырт ұйқыда жатуы керек, бұл орындардан тамақ ішетіндер табыла ма?» деген сұраққа жауап та дайын тұрды.
Кеңселерінің алдындағы асханалардан тамақ ішіп жатқан адам қарасы көп болды. Тіпті, кезекке тұрғандар да бар.
Сондай-ақ көшеде жаяу, велосипед және мопедпен жүргендер де баршылық.
Жұмысқа кіріскен асханаларға азық-түлік жеткізетін қызмет те белсенді.
Таңмен таласып тазалықты ретке келтіретіндер де жүр.
Бейжің көшелерінің тазалығын сақтайтын қызметкерлер жол бойын, қоғамдық қызмет көрсету орындарының алдын тазалап жатыр.
Бұл уақытта сауда орталықтары ашыла қоймаған, алайда соған қарасты, дербес қоғамдық тамақтану орындары да адамдарды қабылдауға әзір.
Көшедегі жағдай түсінікті болған соң, саябаққа қарай беттедік. Осы жерде мына бір деректі айта кетсек: Бүкілқытайлық жетінші халық санағы бойынша, елдегі 60 жастан асқан адамдардың саны 264 миллион адамға жетті, бұл ел халқының жалпы санының 18,7 пайызын құрап отыр.
Сондықтан Қытайда зейнеткер жасындағы адамдардың кешке бірігіп саябақта билегенін, жаттығу жасағанын жиі көруге болады.Таңғы уақытта саябаққа келіп, спортпен шұғылданып, жүгіргендер қатарынан зейнеткерлер де табылады.
Саябақтың тазалығын сақтайтын қызметкерлер де жұмыстарына кіріскен.
Сондай-ақ таңғы уақытта көшеде жүрген жеткізу қызметі, итін серуендетіп жүрген тұрғындар, жұмысына бара жатқан қара халықты көруге болады.
Тұрғын үй ауласында қоқысты сұрыптайтын қызметкер де жұмысын таңғы 06:00 шамасында бастайды екен.
Бейжіңдегі бір таңның куәсі болған біз "Қытайдағы тіршілік таңғы сағат 06:00-да басталады" деген болжам аңыз емес, ақиқат екеніне толық көз жеткіздік деуге болады.