Президент әрбір шаңыраққа бақ-береке мен толағай табыс тіледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтап, халыққа жылы лебізін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Өз құттықтауында президент Ораза айт мұсылман қауымының ерекше ықыласпен қарсы алатын ұлық мерекесі екенін еске салды.
"Қасиетті Рамазан айында жұрт адамгершілік құндылықтарға баса мән береді, рухани тазаруға ұмтылады. Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қайырымдылық көрсетеді. Отыз күн оразадағы сабыр мен қанағатқа негізделген игі амалдың бәрі Айт мерекесінің шынайы болмысын айшықтай түседі.
Ата дініміз адамзатты татулық пен тыныштыққа, қамқорлық пен мейірімділікке, жанашырлық пен жасампаздыққа үндейді. Адал еңбек етіп, адал табыс табуға шақырады. Мұның барлығы, түптеп келгенде, бүкіл еліміздің ырысты ынтымағын арттыруға ықпал етеді.
Халқымыздың салт-дәстүрі Ислам дінінің, Рамазан айының және Айт мейрамының ұлағатымен ұштасып жатыр. Бұл сабақтастық берекелі бірлігімізді нығайтып, әділетті қоғам құру жолында маңызды рөл атқарады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке және толағай табыс тілеймін! Айт қабыл болсын, ағайын!", - деп жазылған Тоқаевтың құттықтауында.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін біз Ораза айтта қандай ғұрыптар орындалатынын жазған болатынбыз.