Жалпы сома 220 млрд теңгеден асқан
2020 жылдың 16 наурызынан бастап COVID-19 вирусының таралуын алдын алу үшін Қазақстанда төтенше жағдай енгізілуіне байланысты, ҚР Үкіметі кәсіпкерлерді қолдаудың дағдарысқа қарсы бірқатар шараларын қолға алған еді.
«Даму» қорының бұл бастаманы жүзеге асыру үшін 15 сәуірге дейін атқарған шаралары:
• Қор 111 жобаның 4,28 млрд теңгелік несиесіне кепіл болды. Қор ұсынған кепіл сомасы 1,650 млрд теңгені құрады.
• Қор кепілдік беру жобалары бойынша 2 010 жобаның 58,5 млрд теңге несиесін қайта құрылымдауды мақұлдады, кепілдік сомасы 26,3 млрд теңгені құрады.
• 35,4 млрд теңге несие алған 245 жаңа жоба субсидияланды.
• Қор 1603 жобаның 121,9 млрд теңгелік субсидиясын қайта құрылымдауды мақұлдады.
Сондай-ақ, осы шараларды іске асыру және шешімдер қабылдау процесін оңтайландыру/жеделдету үшін жобаларды қайта құрылымдау бойынша өтінімдерді қарауды оңайлатты. Бүгінгі күні субсидиялау және кепілдік беру құралдары бойынша мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жобаларды қаржыландырудың қолданыстағы шарттарына өзгерістер енгізу бойынша бір реттік шешімдер қабылдануда.
«Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидиялау құралы бойынша қайта құрылымдау бойынша өтінімдерді қарау мерзімі 5-тен 1 жұмыс күніне дейін қысқартылды. ТЖ кезеңі аяқталғаннан кейін несие беруші ұйымдар қайта құрылымдаудан өткен қарыз алушылар бойынша субсидиялау шарттарына қосымша келісімдер пулын ұсынуы қажет.
«Кепілдік беру құралы бойынша қайта құрылымдау бойынша өтінімдерді қарау мерзімі де бес күннен де қысқартылды және кәсіпкерлердің қаржылық есептілігін талдаусыз, тексерусіз, «Даму» қорының уәкілетті органында қараусыз 6 жұмыс сағаты ішінде қаралады. Көрсетілген уақыт ішінде өтінімді жинау және қалыптау, қайта құрылымдау шарттарын қарау және келісу жүргізіледі, сондай-ақ ЕДБ-ға қайта құрылымдауды мақұлдау туралы хат жіберіледі», - делінген Қордың баспасөз қызметінің хабарламасында.
Карантин кезеңінде Call-орталықтың 1408 нөміріне және Қордың сайтына жүгінушілер саны 50%-ға артты. Жыл басынан бері Call-орталыққа 16 мың қоңырау шалынып, 13,4 мың өтініш келіп түсті, оның ішінде 9,4 мың өтініш пен карантин кезінде қабылданған. Көп жағдайда кәсіпкерлер төтенше жағдай кезінде ШОБ қолдау бойынша дағдарысқа қарсы шаралар жайлы білгісі келеді.
Қордың өңірлік филиалдарындағы менеджерлер кәсіпкерлердің жобаларын ЕДБ немесе қаржы ұйымдары мақұлдағанға дейін оларды сүйемелдеумен online.damu.kz және egov.kz электрондық порталдары арқылы кешенді түрде қолдау көрсетті.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын толық көлемде көрсетуді жалғастыруда.
Естеріңізге сала кетейік, кәсіпкерлер өз өтінімдерін egov.kz және online.damu.kz онлайн порталы арқылы жібере алады, сондай-ақ онлайн режимде www.damu.kz, www.online.damu.kz веб-сайттарда немесе 1408 Call-орталыққа қоңырау шалып (тегін) кеңес ала алады. Сондай-ақ, аймақтардағы менеджерлермен тікелей байланысуға болады. Олардың телефондары Қордың әлеуметтік желілердегі парақшасында көрсетілген.