Су тасқыны аймағында дәрі-дәрмек пен медициналық өнім жеткілікті
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қандай дәрігерлер тексеріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Еліміздің медициналық ұйымдары штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Су тасқыны бойынша жағдай қиын болып жатқан Атырау, Ақтөбе, БҚО, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары сынды 6 өңірде жедел медициналық көмек қызметтерінің стационарлардың, медициналық санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарының жұмысы күшейтілді. Іске қосылған 70 эвакуациялық пунктіде тәулік бойы дәрігерлер қызмет етіп, медициналық постар қойылған. 300-ге жуық медицина қызметкері жұмылдырылған. Су басқан аймақтарда бүгінде дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдер жеткізілікті», - деді Оразалиева.
Оның айтуынша, су басқан аймақтарда стационарларда 103 адам ем алып жатыр. Оның басым бөлігі Маңғыстау және Атырау облыстарында.
«Оларға хирургия, акушерлік, гинекологиялық және педиатрия бойынша медициналық көмек көрсетіліп жатыр. 6 сәуірде Маңғыстау облысының Бейнеу аудандық ауруханасына Жылой аудандық ауруханасынан 51 науқас көшірілді. Бейнеу қаласында медициналық көмек көрсету үшін Ақтаудан 8 дәрігер іс-сапарға жіберілді. Су тасқыны аймақтарынан эвакуацияланған 560 адамның әртүрлі созылмалы аурулары бар. Олар орналасқан жер бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді», - деді ол.
Ресми өкіл атағандай, Атырау мен Құлсарыда медициналық жағдай тұрақты. Медициналық көмекке жүгінген азаматтар жоқ.
«Қостанай қаласында 88 эвакуациялық пункт ашылды. Медициналық көмекке мұқтаж адамдар үшін 188 орын жасақталды. БҚО-да су тасқыны қауіпіне байланысты облыстық кардиология ғимаратынан қалалық көпбейінді ауруханаға ауыстырылды. Барлығы 109 науқас ем алып жатыр», - деді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, инфекциялық ауру бойынша эпидемологиялық жағдай тұрақты болып отыр.
Жалпы ел бойынша профилактикалық іс-шаралар барысында 42 инфекциялық ауру тіркелген. Алайда оның ішінде қауіпті инфекциялар жоқ.