«Тасқын су тартылмаса да, шығын есептеліп жатыр»: баспанасынан айырылған тұрғындарға қандай үй салынады

Автор: Аягөз Құрмаш

Барлық өңірде типтік жобалық құжат негізінде баспана салынбақ

Фото: видеокадр

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева республикалық-ақпараттық штаб қызметінде өткен брифингте су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың баспанасын қалпына келтіру жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың баспанасын қалпына келтіру жайлы тапсырма берген болатын. Осы тапсырма аясында арнайы штаб құрылған.

«Жаңа тұрғын үйді салуды көздейтін кешенді іс-жоспар әзірленді. Жоспар аясында тұрғын үйлердің екі экскиздік жобасы әзірленді. Оның біреуі  - 80 шаршы метрлік үш бөлмелі жеке тұрғын үй, екіншісі  - жалпы ауданы 160 шаршы метр болатын екі пәтерлі тұрғын үй. Әзірленген тұрғын үйлердің жобасы мемлекеттік сараптамадан өтеді. Бұл барлық өңірде типтік жобалық құжат негізінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деді Ибраева.

Ресми өкіл атағандай, бұл жұмыс келесі аптаның соңына дейін аяқталып, үлгілік жобалар мемлекеттік сараптама қорытындысымен қоса epsd.kz  сайтында жарияланады.

«Министр республикалық ірі құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесіп, олардың ресурстарын шұғыл біріктіру және құрылысты жедел бастау керегін айтты. Сондай-ақ қалпына келтірудің шығынын анықтау үшін су тасқынынан зардап шеккен үйлерді әкімдіктердің техникалық тексеру кезеңі маңызды екенін түсінуіміз керек. Оған қоса әкімдіктер келген шығын мен залал көлемін тасқын су толық тартылмаса да, есептеп жатыр. Құзырлы министрлік қалпына келтіру жайлы ақпаратты үнемі таратып отырады», - деді Меруерт Ибраева.

Оның айтуынша, министр өңірлердегі құрылысты жеке өзі бақылап отырады. Ол ресми өкіл ретінде ортақ үйді қалпына келтіру үшін күш біріктіруге шақырды.