Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі оқушылар қажетті оқу-құралдарымен қамтылды – министрлік
Білім беру саласының 20 мыңға жуық қызметкері волонтер ретінде су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуда
Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жұмысы аясында 55 мектеп уақытша орналастыру пункттері болып белгіленді. Бұл пункттерде 7255 бала бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрі су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі балаларды жазғы сауықтыру орталықтарына жіберуді тапсырған болатын. Бүгін оларды орналастыру жұмыстары басталды. Тек бірінші күні 80-нен астам бала қабылданды.
«Балалар мен зардап шеккен азаматтарға 300-ден астам педагог-психолог психологиялық көмек көрсетуде. Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің белсенді араласуы ұйымдастырылды. Балалар қажетті оқу құралдарымен, қашықтықтан оқытуға арналған техникалық құралдармен, тамақпен және киім-кешекпен қамтамасыз етілген. Интернеттің жылдамдығы төмен ауылдық мектептерді Starlink желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде», - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.
Жалпы, білім беру саласының 20 мыңға жуық қызметкері волонтер ретінде су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуда.