Материалдық залалдарды есептеу үшін облыстың әр ауданында жеке комиссиялар құрылды
Облыс бойынша 94 зардап шеккен тұрғынға 28 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлемдер төленді. Жалпы 2024 жылдың 7 сәуіріндегі жағдай бойынша біржолғы төлемді алуға 346 отбасы ниет білдірген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар мен кәсіпкерлердің материалдық залалдарын есептеу үшін Ақтөбе облысының әр ауданында жеке комиссиялар құрылды.
Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмек жинау орталығы жұмыс істейді.
«Барлығы 10 күн ішінде шамамен 300 тонна (210 тонна азық-түлік, 80 тонна азық-түлікке жатпайтын тауарлар, 0,2 тонна дәрі-дәрмек) жиналды. Оның ішінде 215 тонна тауарлар мұқтаж тұрғындарға таратылды. Гуманитарлық көмекті зардап шеккен аудандарға жеткізуге 8 524 ерікті көмектесуде. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысының су тасқынына қарсы іс-шаралар жөніндегі жедел штаб жұмысын вице-премьер Серік Жұманғарин үйлестіруде», - делінген хабарламада.