$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.04.2020, 22:26
Қоғам

«42500 теңгені алдап алдым ба, жоқ па, шешіп алыңыз»: Біржан Нұрымбетовтің «жұмсақ» жауабы

Министр 42 500 теңгені заңсыз алғандар сотталады деген пікірге жауап берді

«42500 теңгені алдап алдым ба, жоқ па, шешіп алыңыз»: Біржан Нұрымбетовтің «жұмсақ» жауабы

15 сәуір күні түнде еліміздегі бухгалтерлік есеп-қисап туралы жазатын Uchet.kz порталы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында төтенше жағдай кезінде төленген 42 500 теңгені заңсыз алғандарға қандай жаза көзделгені туралы ақпарат таратты. Онда 42 500 теңгені заңсыз алғандар 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе 2 жылға сотталуы мүмкін екені айтылған.

Бүгін түс ауа министрліктің баспасөз қызметі бұл ақпаратты растап, ресми мәлімет таратты. Ол жерде Төтенше жағдай аяқталған соң, 42500  тг жәрдемақы алуға түскен әр өтініш жіті тексерілетіні айтылған. Құжатты өтірік тапсырып, ақша алғандар үстінен қылмыстық  іс қозғалады деп анық жазылған.

«42 500 теңге» әлеуметтік төлемі бойынша барлық тағайындаулардың негізі төтенше жағдай тәртібі аяқталғаннан кейін бекітілген заң жүзінде қайта тексерілетінін мәлімдейміз. Әр өтінімге қатысты ұсынылған деректердің шынайылығына жауапкершілік жүктелген, оның ішінде, әлбетте басты себеп – төтенше жағдай кезіндегі шектеулер салдарынан табыстан айырылу. Әлеуметтік төлемдерді заңсыз алған адамдардың жауапкершілікке тартылуы олардың жасаған заңсыз әрекетіне байланысты болады. Әлеуметтік төлем алушылардың заңсыз іс-қимылы Қылмыстық кодекстің аясында қарастырылады (190, 195 баптар)», - деген министрлік өкілдері өз хабарламасында.

Ал кешкісін әлеуметтік желідегі парақшасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов заңгерлер алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік бар екені туралы мақала не посттар жазып жатқанын айтып, өзі түсінік беруге тырысты. Министр де алаяқтар жазаланады деп бастады. Бірақ, ол құжат тапсырған азаматтар алаяқ емес деп үміттенеді. Яғни, заңсыз ақша алуға оларды ары жібермейді дегенге сенеді.  

«Заңгерлер болған соң заңды бізден артық біледі ғой. Олардікі дұрыс та шығар, бірақ бұл тек алаяқтарға қатысты. Сіз ондай емессіз ғой. Сіз ешкімді алдаған жоқсыз. Мен брифингтерімде, жазбаларымда айтқандай, өздеріңіз үшін - «мен жұмыс, тіршілік жасап (ресми, бейресми), ақша тауып жүр едім, енді төтенше жағдайға қатысты сол табыстан айырылдым» деп шештіңіздер ме? Кейін, мен ескерткендей, өтініш бергенде порталда төмендегі жазбаны тағы да оқып, растап, сөйтіп барып өтінішті жібердіңіз бе? Ондай болса - Сіз айттыңыз, біз сендік. Сіз алдаған жоқсыз. Біз тағайындадық, төледік. Сол үшін кінәлайды деп еш уайымдамаңыздар. Дәл мен айтқандай жасаған болсаңыздар, біздің тарапымыздан үйді аралап ешкім тексермейді», - деп жазды министр.

Оның айтуынша, соңғы брифингте жүрналистердің бірі одан жұмыс істеп, тұрақты жалақы алып жүрген адам 42500 теңге алғанын білетінін, оның қалай өткіп кеткенін сұраған. Министр жәрдемақы алатын адам ең алдымен ар-ұяты алдында жауап беруі керек деп тағы қайталайды.

«Мен оған, біз өтініш беру тәртібін, халықтың сұрауы, талабы бойынша барынша қарапайымдаттық, жұмысберуші өтінішінде қызметкерлерімді ақысыз демалысқа жібердім деп көрсетті, біз оған сендік. Ал олай болмаса, жұмыс беруші жауап береді, оны біз кейін тексеріп аламыз деп жауап қайтардым. Брифингті көргендер растайтын шығар. Жалпы дұрыс емес пе? Артынша екінші сұраққа, өтініш берген халықты, үйлерін аралап тексермейміз дедім. «Сіз айттыңыз, біз сендік. 42500 алдыңыз ба, жаратыңыз» дедім. Солай болады. Сондықтан, осы жағдайда, өзіңіз үшін тағы да шешіп алыңыз - мен 42500 теңгені алдап алдым ба, жоқ па деп. Әрине жоқ. Олай болса Сіз ешқандай жауапкершілікке ешқашан тартылмаймыз», - дейді министр.

Оның айтуынша, халық 42500-ге өтініштерін еріккеннен беріп отырған жоқ.

«Төтенше жағдай болмаса да басым халықтың табысы аз. Жалақы төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес. Сондықтан біз қарапайым таза халықты артынша тексеріп жатпаймыз», - деп жазды министр.

Серіктес жаңалықтары