Алдағы 10 жылда бір грантқа 50 түлек таласуы мүмкін – сарапшы «Келешек» біріңғай ерікті жинақтау жүйесі туралы

Автор: Темірхан Айжан

Қазақстанда жыл сайын 400 мыңға жуық бала дүниеге келеді

Фото: Istockphoto

Ел болашағы сапалы білім алған, бәсекеге қабілетті азаматтар десек, олардың жоғары білім алуына жастайынан жағдай жасау - әр ата-ананың азаматтық парызы. Осы ретте ата-аналарға көмек ретінде «Келешек» біріңғай ерікті жинақтау жүйесі іске қосылады. Аталған жүйенің ерекшелігі – ата-ана 5 жасқа толған баласына жеке есепшот ашады. Оған мемлекет тарапынан 60 АЕК көлемінде бастапқы білім алу капиталы түседі. Одан ары қарай әр ата-ана баласы мектеп бітіргенге дейін, айына 1 АЕК-тен кем емес жарнаны салып отырады. Осылайша, ата-ананың жылдар бойы жинақтаған қаражатын, оған қоса, мемлекет тарапынан жыл сайын түсіп отыратын 5-7% мөлшеріндегі сыйақылар мен инвестициялық табысты қосып есептегенде, 18 жасқа толған баланың есепшотындағы ақшасы 3 млн теңгеден асады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Бұл баланың жарқын болашағының кепілі деуге әбден болады. Себебі, сарапшылардың айтуынша, алдағы он жылда мектеп бітірушілер саны біршама артып, мемлекеттік грант алу қиындайды, сонымен қатар, болашақта білім алу ақысы да қымбаттайды. «Келешек» жүйесі - балалардың сапалы білім алуына ерте қамданудың жолы.

«Бізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала дүниеге келеді. Демографиялық дүмпу бар. Жылына бакалаврдың өзіне 50 мыңнан аса грант бөлінеді. Біз осы қарқынмен жүре берсек, алдағы жылдары грант саны оқушылардың 70-80 пайызын қамти алмайды. Осы мақсатта Ғылым және жоғары білім министрлігі «Келешек» біріңғай ерікті жинақтау жүйесін ұсынған болатын. Ол биылдан бастап іске қосылады. Жүйенің мемлекет үшін басты стратегиялық мақсаты, менің ойымша, алдағы 10 жылдағы демографиялық дүмпуді ескеріп, ата-аналардың өз баласы үшін ерте кезден бастап ақша жинауын, оларға сапалы білім бере алуының тетегін қалыптастыру.

Бізде салыстырмалы түрде жоғары біліммен қамтамасыз етуді мемлекет толықтай мойнына алып отыр. Жоғары оқу орнына түсу үшін конкурс айтарлықтай жоғары емес. Ұлттық біріңғай тесттен қажетті балл жинаған абитуриенттер мемлекеттік және жекеменшік оқу орындарынан грантты оңай ұтып алады. Бірақ мектеп бітірушілер саны артқан сайын, бәсекелестік тым жоғары болады. Мысалы, қазір бір грантқа 3 абитуриент таласса, 2030-2035 жылдары бір орынға 50 түлек таласуы мүмкін. Ол кезде тек үздіктің үздігі ғана грантпен тегін оқи алады. Мектеп бітірген оқушылардың үлесіне қарап отырсақ, алдағы онжылдықта мемлекеттік грант олардың 20 пайызын да қамтамасыз ете алмай қалуы мүмкін. Сол себепті мемлекет жыл сайын грант санын көбейткеннен гөрі, осындай стратегиялық қадамға барғанды дұрыс санайды. Негізі өз уақытында, дер кезінде жасалған бағдарлама», - деді саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев.

Сарапшының сөзінше, қазір «Келешек» жүйесін қоғамға насихаттау, құлақтандыру жетіспей жатыр.

«Бағдарлама туралы көбірек айтуылуы керек, түсіндіру жұмысы жүргізілуі керек. Баласының болашаған Қазақстанмен байланыстыратын ата-аналар «Келешек» біріңғай ерікті жинақтау жобасын жете түсініп, бала бірінші сыныпқа аяқ басқаннан бастап жеке есепшот ашып, ай сайын белгілі бір сомада ақшасын салып отыруы керек. Ол сома инфляциямен бірге құнын жоғалтпай, мемлекеттен қосымша қолдау алады. Бала 11-сыныпты бітіргенде мемлекеттік грант ала алмаса, ақылы бөлімде оқуға қосымша қаржысы болады. Егер грант ұтып алса, онда есепшоттағы қаражатты басқа мақсаттарға жұмсай алады. Көпшілік «Ұлттық қор – балаларға» жобасы мен осы «Келешек» жүйесін шатыстырып жатады. Екі жобаның мақсаты әртүрлі, дегенмен өзара байланысы бар екенін де атап өткен жөн.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы арқылы мемлекет бала 18 жасқа толғанша бір жылда бір реттік 100 доллар көлемінде шотына ақша аударып отырады. Бұл түсінікті деп ойлаймын. Ал  «Келешек» біріңғай ерікті жинақтау жүйесі демографиялық өсіммен тікелей байланысты. «Ұлттық қор – балаларға» қоры аясында балаға 18 жасқа толғанша жинақталған соманы «Келешек» жинақтау жүйесі арқылы оқуына төлесе болады. Бір ерекшелігі, егер бала шетелде оқитын болса немесе алдағы уақытта өзге елдің азаматтығын алуды жоспарласа «Келешек» жүйесі оған жарамайды. Жүйенің тек отандық білім беру институттарына ғана қатысы бар. Біз болашаққа нақты анализ жасауымыз керек. Қазақстан халқының 60 пайызынан астамы 1991 жылдан кейін туған азаматтар. Алдағы уақытта бұл өсе береді. Жастардың саны артады, сәйкесінше, оларды сапалы біліммен қамтамасыз ету нарық заңына қарай қымбаттай түседі. Сондықтан ата-аналар баласына сапалы білім бергісі келсе, қазірден алғашқы қадамдарын жасау керек. Мемлекет ата-анаға жауапкершілік артып, ерте бастан ескертіп жатыр», - дейді саясаттанушы.