Бишімбаев қиналып жатқан Нүкеноваға неліктен жедел-жәрдем шақырмағанын түсіндірді

Автор: Темірхан Айжан

Бишімбаевтың айтуынша, оның Нүкенованы аяусыз ұрып, тепкілеуіне әйелінің оны балағаттағаны себеп болыпты

видеодан кадр

Әйелін қинап өлтірді деген айыппен ісі сотта қаралып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкеновадан «психологиялық қысым» көргенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Оның Нүкенованы аяусыз ұрып, тепкілеуіне әйелінің оны балағаттағаны себеп болыпты. 

«Оның балағаттағаны себеп болды. Видеода оның менің артымнан сөйлеп жатқаны көрініп тұр. Мен бір шетке шығып тұрдым. Мен оның сөзін 6-7 сағат бойы тыңдадым... Мен моральдық-физикалық тұрғыда шаршадым. Мен сондай психологиялық қысымға ұшырадым», - деді Бишімбаев.

Прокурор одан «Онда неге жай ғана кетіп қалмадыңыз?» деп сұрады. 

«Ол менің әйелім. Мен оны жақсы көремін. Біз ұрысып тұрдық. Ол мас болды. Осыдан кейін оны қалай тастап кетемін?.. Дәретханада болған жағдайда, ол өзі жығылып, киімсіз қалған... Мен оны қалай сол күйде тастап кетемін?»,-деді ол.

Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова Бишімбаевтан көптеген соққыдан соң қиналып жатқан Нүкеноваға неге жедел-жәрдем шақырмағананын сұрады.

«Бас сүйегінің жарақатын алған Нүкенова 6-8 сағаттан кейін қайтыс болды. Бұл гистологиялық зерттеу нәтижесінда анықталды. Сіз оны жақсы көрген екенсіз, ендеше 6-8 сағат бойы не қарап отырдыңыз? Сіз оны жақсы көргендіктен жаралы денесіне қарап отырдыңыз ба? Неге жедел-жәрдемді уақытында шақырмадыңыз? Көріпкелге хабарластым дедіңіз. Ол көз алдыңызда тұра алмай жатты. Неге бақсыға телефон соғып, одан кейін қаншама сағат бойы күтіп отырдыңыз? Егер сіз жедел-жәрдем шақырғаныңызда ол қазір тірі болар ма еді?», - деді прокурор.

Оған Бишімбаев «бақсыға хабарласқаным үлкен қателік болды» деп жауап берді.  

«Бұл - менің үлкен қателігім болды. Сағат 15.30-16.00 кезінде Байжановқа мүсәтір спиртін алып кел дедім, ол спитрттен оянбады. Сосын Байжанов жедел-жәрдем шақыруды ұсынды. Оған тағы бір-екі сағат күте тұрайық, кеш батсын дедім. Мен көріпкелдің «ол кешке қарай тұрады, демалып алсын» деген сөзіне сендім. Бұрын да айтқанымдай, ол сондай стрестерден кейін ұзақ ұйқыға кететін», - деді Бишімбаев.