«Жағдай тұрақты»: Қосшыда тасқынға қарсы жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр

Автор: Аманалина Тоғжан

Қалалық жедел штаб Нұра өзенінің деңгейін ұдайы қадағалап отыр

Фото: Azattyq Rýhy

Кеше Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Астана іргесіндегі үш елді мекенге Нұра өзенінен тасқын қаупі төніп тұрғанын айтқан еді. Осыған орай Azattyq Ruhy тілшісі Астана іргесінде Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылына барып, тасқынға қарсы іс-шаралардың қалай жүріп жатқанын көріп қайтты.

Қосшы қаласы Тайтөбе ауылы бойынша судан қорғанысты күшейту, нығайту жұмыстары күні-түні қарқынды жүргізіліп жатыр. 35 арнайы техника бөгендерді нығайту, судың елді-мекендерге жайылуын алдын алу бағыттарында жұмыстарды жүргізуде. Бұдан бөлек еріген қар суларын тартқызу және инертті материалдарды жеткізу жұмыстарын жасап жатыр. Сондай-ақ жерлердің опырылып кетпеуі үшін бекіту жұмыстары қолға алынған.

Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Әсет Дінисламұлы Мұқанов, төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Шахмардан Әзірбаев және басқа мамандар осы жұмыстың басы-қасында жүріп, барлығын қадағалап, үйлестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық мамандар дәл қазіргі уақытта жағдай тұрақты бақылауда екенін жеткізуде.

«Дәл қазіргі сәтте жағдай тұрақты әрі толық бақылауда. Қосшы қаласының әкімінен бастап, барлық мемлекеттік мекеме басшылары, мамандары, коммуналдық қызметкерлер және де еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, қала мен ауылдың қолы бос тұрғындар, еріктілер барлығы бірігіп бөгенді нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек бізде арнайы техникалар саны да өте көп. Өйткені кешеден бастап Астана қаласынан көмек ретінде арнайы қосымша техникалар жеткізілді. Техникалар жеткілікті. Тасқынға қарсы жұмыстар барысын толық бақылауда ұстап отырмыз. Алайда «Самарқанд», «Шерубайнұра» және «Ынтымақ» су қоймаларынан Нұра өзенінің төменгі барьеріне мол көлемде суды жіберуге байланысты судың деңгейі көтерілді. Алайда дәл осы мәселеден болып үйіне су кірді деген жағдай тіркелген жоқ. Ақмола облысының әкімі де осы жақта жүр», - деп Қосшы қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ардақ Зұлқажапқызы «Azattyq Ruhy» тілшісіне жауап берді.

Бұдан басқа айтатын мәселе тасқын суға қарсы жұмыстарға тұрғындар да бей-жай қарап жатқан жоқ. Олар да жұмыла жұдырық болып, қарғын судан қорғанудың қолдан келетін шараларын қабылдауға күшін біріктіруде. Ауыл тұрғындары өз еріктерімен жиналып, тәулік бойы кезекшілікте тұрған адамдарға ыстық тамақ жеткізу шараларын қолға алған.

«Қазіргі кезде мен Қосшы қаласының белсендісі Айкенжемен үнемі хабарласып отырмыз. Лесная поляна тұрғын үй кешендерінің барлық төрағалары бөгендерді нығайтып, күні-түні үздіксіз жұмыстар жүргізіп жатқандар адамдарға ыстық тамақ жеткізу шараларына бірігуде. Мен де осы шарадан қалыс қалмай, өзімнің үлесімді қосып жатырмын», - деді «Лесная поляна» шағын ауданындағы №22 үйдің МИБ төрағасы Маржан Жайлаубаева.

Қалалық жедел штаб Нұра өзенінің деңгейін ұдайы қадағалап отыр. Қандай да бір төтенше жағдай туындай қалса, тұрғындарға қауіпсіздікті сақтау бойынша да үнпарақтар таратылып жатыр.

Қосшы қаласының және Тайтөбе ауылының тұрғындарына су басу қаупі туралы хабарлама алғаннан кейін немесе су басудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда не істеуі керек?

Біріншіден, үйдегі суды, газды және электр құралдарын ажыратуға, от жанып тұрған пешті сөндіруге, үйдің жоғарғы қабатына немесе шатыр қуысына құнды заттарды көтеріп қоюға ауылшаруашылық инвентарларын қауіпсіз жерге орналастыру. Сонымен бірге тыңайтқыштар мен қалдықтарды көмуге және қажет болған жағдайда үйдің бірінші қабатындағы терезелерді тақтайлармен немесе фанермен жабуға кеңес беріледі.

Екіншіден, өзіңізбен бірге жеке құжаттар мен құнды заттарды, медициналық қабдишаны, жылы сырт киім мен аяқ киім (суға арналған етік), алғашқы қажетті гигиеналық заттар, үш күнге арналған азық-түлік, сонымен қатар мүмкіндігінше жарық шамдар, үрленетін құтқарушы кеудеше, ысқырық, компас болса бірге алып жүру.

Үшіншіден, белгіленген уақытта эвакуациялауға арналған орынға бару үшін тіркеліп, қауіпсіз аумаққа бару керек.

Төтіншіден, үйді су алған кезде үрейге бой алдырмаңыз. Тездетіп қауіпсіз биіктеу тұрған жерді табыңыз. Ол үйдің жоғарғы қабаты, шатыры немесе шатырдың ішкі қуысы болуы мүмкін.