Осы уақытта Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаев сұралып жатыр
Экс-министр Қуандық Бишімбаев 2023 жылдың 9 қарашасы күні болған оқиғаны баяндай келе Салтанатты бетінен бірнеше рет шапалақпен ұрып,жамбасынан тепкенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
Бұған дейін ол 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні болған оқиғаны баяндай келе Салтанатқа әуел баста тиіспегенін және марқұм дәретханаға өзі бірнеше рет құлап, жараланғанын айтқан еді. Ал, 9 қараша күні таңертең оны сабағанын айтты.
«Таң атып кетіпті. Дала жарық болды. Ол жалаңаш денесіне ғана менің курткамды киіп тұрған. Менің жейдем жыртылған. Менің көлігімде киімім және сегізінші қараша күні Салтанатқа алған киімдер жатқанын ұмытып кетіппін. Мен үйге қалай барамыз деп алаңдай бастадым. Салтанатты оята бастадым, оның беті қызарып кетіпті. VIP кабинеттен шығып, паркингке түстік. Паркингтегі күзетшіге такси шақырып бер деп айтамын деп ойладым. Түріміз быт-шыт болған еді. Мас болсам да көлікке отырдық. Көлікті оталдырып, мас екенімді түсіндім. Бордюрге шығып кеттім. Салтанат көліктен шықты да мейрамханаға кетті. Үстімде жейде жоқ болды. Гастроорталықтың ішіне кірдім. Сол сәттен бастап ашуландым. Ол лифтің жанында күтіп тұр екен. Бірінші қабаттан екінші қабатқа шықтық. «Біз алқаш сияқтымыз, такси де шақыра алмадық» деп ашуландым. Ол маған күліп тұрғандай болдым. Лифтіде оны кінәлай бастадым. Оның кесірінен осындай жағдайға душар болдық дедім. Лифтіден шықтық, мен VIP кабинетке бара жаттым, ол дәретханаға қарай жүрді. Ол маған «мен осылай болғанын қаладым» деп айқайлады. Сосын ашуланып, сол үшін шашынан жұлып, бетінен төрт рет қатты ұрдым. Ол құлап қала жаздады. Сосын бөксесі мен жамбасынан төрт рет тептім. Тұр дедім», - деді Бишімбаев.
Ол қазір Салтанат осы уақыт бойы үндемегенін және ол Салтанат ауырып тұр ма немесе әдейі сөйлемей тұр ма, түсіне алмағанын айтты.