Еріктілер Нұр-Сұлтанда 40 мыңнан астам отбасыға тегін маска үлестірді
16 сәуірде «Nur Otan» партиясының қолдауымен «Біз біргеміз» акциясы аясында Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік көмекке мұқтаж 2000 отбасыға тегін маска таратылды. Қала тұрғындарына үлестірілген әрбір қораптың ішінде 50 дана медициналық маска бар. Аталған іс-шараның қалай жүзеге асып жатқанын Azattyq Ruhy тілшісі өз көзімен көріп қайтты.
«Jas Otan» жастар қанатының волонтер қыз-жігіттері сағат 11-де Нұр-Сұлтан қаласындағы Конгресс-холда жиналып, 2 миллион масканы қабылдап алды. Арнайы қорғаныш киімін киген еріктілердің бір тобы маскаларды шағын қораптарға салумен айналысса, енді бір тобы оларды алдын ала дайындалған арнайы көліктерге тиеді.
Еріктілердің басы-қасында «Jas Otan» жастар қанаты төрағасы Елнұр Бейсенбаев жүр.
«Біз қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрмыз. 2 миллион масканы бірнеше күн ішінде 40 мыңнан астам осал топтағы отбасыға таратып шығамыз. Масканы таратуда барлық санитарлық талаптар ескеріледі. Жалпы бүгін республика бойынша 300 мың отбасыға 6 мыңнан аса маска таратылады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бүгін 2000 отбасыға медициналық маска жеткізіледі», - деді «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев.
Маскаларын тағып, бір метр арақашықтықты сақтауға тырысып жүрген ерікті жастар өздеріне берілген міндетті көтеріңкі көңіл күймен атқаруға тырысты.
«Карантин кезінде үйде босқа жатқанша, көпшілікке кішкентай болса да пайдамызды тигізейік дедік. Республика бойынша аталған іс-шараға біз сияқты 3 мыңнан аса ерікті атсалысып жатыр. Мұндайда уақыт өте көңілді өтеді. Бәріміз дайындық жұмыстарын жүргізіп, тізім жасап, өз міндетімізді бөліп алдық. Кейбір жігіттер өздері ғана келмей, көліктерімен бірге жүр», - дейді ерікті Бақдәулет Жанділдаев.
Біз еріктілермен бірге Елорданың оң жақ жағалауында орналасқан ескі жатақханалардың біріне келдік. Жатақхана тұрғындары тегін медициналық масканы қуана қарсы алды.
Жасотандықтар «Азық-түлігіміз таусылуға жақын» деп көмек сұраған кей тұрғындардың байланыс нөмірін жазып алды. 17 сәуірде екінші мәрте таратылатын азық-түлік қораптары аталған жатақханада тұратын мұқтаж отбасыларға да үлестірілмек. Тұрғындарға үлестірілген медициналық масканы отандық «СК-Фармация» компаниясы өндірген.
«Біз біргеміз» акциясы 19 наурызда басталған болатын. Соның аясында қазіргі таңда «Nur Otan» партиясы 50 мыңнан астам отбасыға бірінші кезекте қажет заттар үлестірді, оның ішінде азық-түлік қорабы мен гигеналық заттар таратылды. Медициналық маскалар еліміздің ең ірі үш мегаполисі - Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында таратылады.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 500-ден аса волонтерлар осы іс-шараға атсалысты. Мұндай шара Алматы және Шымкент қалаларында да өтті.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан