Желтоқсан айының өзінде өңірлер бөлінісінде су тасқыны қаупі бар учаскелер айқындалып, әкімдіктерге ақпарат жіберілген
Экология министрі Ерлан Нысанбаев әкімдіктерге су тасқыны туралы алдын-ала ескерту берілгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Желтоқсан айының өзінде өңірлер бөлінісінде су тасқыны қаупі бар учаскелер айқындалып желтоқсан, ақпан және наурыз айларының басындағы болжамдарда көрсетілді және әкімдіктер мен орталық органдарға жолданды. Алайда әкімдіктер болжамға қажетті деңгейде назар аудармады, осы себепті су тасқыны қаупіне тиісті баға берілмеді және уақтылы алдын алу шаралары қабылданбады», - деді министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, су тасқыны қатері әлі де бар.
«Бүгінгі таңда Қазақстанның қар басқан аумағы 27%-ды құрайды. Қазақстанның жазық аумағындағы өзендердің барлық бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі азайды. Ең үлкен су тасқындары Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының және Қостанай облысының оңтүстік бөліктерінің өзендерінен өтуде, бірақ су тасқыны қаупі сақталады. Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары және Қостанай облысының солтүстік жартысындағы өзендерде су деңгейінің көтерілуі және қауіпті белгілерден асуы байқалады», - деді Нысанбаев.