Корнавирус анықталған екі жолаушы да Петропавл тұрғыны емес
Бұған дейін Петропавлға Лондоннан арнайы әуе рейсі ұшып келгенін хабарлаған едік. Бүгінде 95 жолаушыдан сараптама алынып, тест жасалды. Нәтижесінде екі адамнан коронавирус инфекциясы анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
20 жастағы студент пен 40 жастағы әйел инфеккциялық ауруханаға жатқызылған. Екеуі де Петропавл қаласының тұрғыны емес. Дәрігерлердің айтуынша, екі сырқаттың да жағдайы тұрақты.
«Науқастармен 93 адам байланыста болған. Оның 20-ы жақын, қалғандары потенциалды. Жақын байланыста болған 20 жолаушы қосымша медициналық тексерістен өтеді. Олар провизорлық стационарға жатқызылды», - деді жергілікті «Қызылжар» телеарнасы арқылы тікелей эфирдегі брифингке қатысқан Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Руслан Әлішев.
Лондоннан елге қайтарылған азаматтар – Қазақстанның 13 қаласының тұрғындары. Қалған жолаушылар үйлеріне қайтарылмақ. Руслан Әлішев облыста төтенше жағдайға байланысты құрылған штаб олардың үйлеріне жетуін қамтамасыз ететінін жеткізді. Олар тұрғылықты жеріне жеткен соң екі апта үй карантинінде болады.
«85 жолаушы – студент. Басым көпшілігі «Болашақ» стипендиясының иегерлері және олардың отбасы мүшелері. Қалғандары шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары. Олар билетті өз қаражатына сатып алды. Ұлыбритания шекарасынан шығатын адамдарды медициналық тексерістен өткізбейді», - деді Әлішев.
Жолаушылар Петропавлдың орталығындағы «Қызылжар» қонақүйіне жайғастырылған болатын. Бұл қала тұрғындары мен журналистердің наразылығын тудырды. Көпшілік жолаушылардың екі апта емес, екі күннен кейін өз үйлеріне қайтарылатынына да күмәнмен қарап отыр. Жергілікті журналистердің онлайн брифинг өткізген облыс әкімінің орынбасарына алдын ала жолдаған сауалдарының барлығы жауапсыз қалды. Ал Руслан Әлішев тек баяндама оқумен шектелді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО