Өңірде коронавирусқа байланысты карантин жарияланған болатын
Карантин кезінде Павлодар облысында діни қызметкерлерге діни рәсімдерді өткізуге рұқсат берілді деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ғибадат етуге бес адамнан қатысуға болады, адамдар арасында екі метр ара қашықтығы сақталуы міндет.
«Павлодар облысының бас санитарлық дәрігерінің аймақ аумағында карантин режимі туралы қаулысына түзетулер енгізілді .16 сәуірден бастап өңірде діни рәсімдерді өткізуге рұқсат етілді. Оған тек діни қызметкерлер қатыса алады – барлығы бетперделері бар бес адамнан, олардың бір-бірінен ара қашықтығы екі метрден кем болмауы керек және дезинфекциялық шаралар күшейтілуі шарт. Сонымен қатар, діни рәсімдерді тікелей-трансляциядан көрсетуге рұқсат», - делінген аталған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін еліміздің бас мүфтиі Рамазан айында мешіттер тарауық намазын өткізбейтінін айтып, халықты ауызашарды тек өз отбасының ішінде ғана өткізуге үгіттеген еді.