Ажырасқандар саны бойынша Қазақстанның екінші орында тұрғаны рас па: мамандар мәлімдеме жасады
Мақала авторларына әлемдік ресурста қате берілген деректер бойынша хат жолданды
Ажырасу бойынша Қазақстанның әлемде екінші орында тұрғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ұлттық статистика бюросы осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ажырасу коэффициенті 4.6 тең Қазақстан Мальдив аралдарынан кейін екінші орында тұрғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл жалған деректің негізгі көзі worldpopulationreview.com сайтындағы мақала болған», - делінген Бюро хабарламасында.
2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,27 құраған.
«2020, 2021 жылдармен салыстырғанда коэффициенттің төмендеуі байқалады – тиісінше 2,56 және 2,54. 2023 жылдың қорытынды деректері алдағы сәуір айында жарияланады», - делінген хабарламада.
Бюро мақала авторларына әлемдік ресурста қате берілген деректер бойынша хат жолдады.
Сондай-ақ Бюро ресми дереккөздерге сілтеме жасауды және таратылатын деректерді алдын ала тексеріп отыруды ескертеді.
Бұған дейін еліміз бойынша ажырасқандар саны көбейіп, керісінше, неке саны азайып кеткені туралы мәлімет жарияланған болатын.