$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жыл басынан бері 2,8 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды - Еңбекмин

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды

Жыл басынан бері 2,8 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды - Еңбекмин
Фото: istockphoto.com

Осы жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша 2 800 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 131,1 мың этникалық қазақ оралды.

«Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (49,6%) Қытайдан, 31,9% – Өзбекстаннан, 6,8% – Түрікменстаннан, 6,5%  – Моңғолиядан, 3,9% – Ресейден  және 1,3% басқа елдерден.

Осы жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 58,7%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,9%-ды және зейнеткерлер 9,4%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,9%-ы жоғары білімді, 21,3%-ының орта кәсіптік білімі бар, 55,3%-ы жалпы орта білімді, және 6,5%-ының білімі жоқ», - делінген хабарламада.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

«Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 науырыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 607 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде», - деп жазылған министрлік хабарламасында.

Жыл басынан бері 144 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 143 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылуда. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 6 203 өтініш қабылданды.

Серіктес жаңалықтары