«Жастарға мемлекеттік қызметте мансап құруға жол ашады»: маман жастар кадрлық резерві жайлы

Автор: Аягөз Құрмаш

Жастар резерві  - жастар білімі мен біліктілігін көрсететін тиімді алаң 

Фото:freepik

Президенттік жастар кадрлық резервінің жасақталып келе жатқанына биыл 5 жыл толып отыр. Осы аралықта мыңдаған жас лауазымды қызметке орналасып, жолдарын ашты. Наурыз айында Өңірлік кадр резервіне іріктеу басталады. Іріктеуге жоғары білімі және кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар 35 жастан аспаған Қазақстан азаматтары қатыса алады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жастар кадрлық резерві - бұл мансаптық қызметінде өсуге ынталы, кәсіби дағдылар мен басқарушылық құзыреттіліктердің жоғары деңгейіне ие мамандардың республикалық базасы. Бұл база арқылы мемлекеттік аппаратта кадр қажет болған жағдайда басымдық беріледі. 

Өңірлік резервке алынатын кандидаттардың санын, салалық бағыттарды өңірлік кадр комиссиялары өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып, айқындайды. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады және 2024 жылдың 1 наурызынан маусым айының соңына дейін жалғасады. Резервте болу мерзімі – 2 жыл. Осы кезеңде резервшілер сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына заңнамада тағайындалуы мүмкін.

«Ассамблея жастары» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев президенттік жастар кадрлық резерві өңірдегі жас білікті мамандарды ілгерілендіретін алаңға сәтті айналғанын айтады. 

«Жергілікті атқарушы органдардан шығатын кадрларға жақсы мүмкіндік. Қазір жастар кадрлық резервінің мүшелері саяси лауазымдарға да тағайындалып жүр. Сайлауға қатысатын деңгейге дейін жетті. Біз бүгінде Парламент Мәжілісінде бірқатар депутат жастар кадрлық резервінің мүшесі екенін көріп отырмыз. Сондай-ақ орталық мемлекеттік органдарда, президент әкімшілігінде де жастар кадрлық резервінің мүшелері бар екенін көріп отырмыз. Жалпы бұл өте жақсы тенденция. Меритократия аясында бүгінде жас мамандар жауапты істерге тартылып жатыр», - дейді ол. 

Жұмырбаев атағандай, жастар өздерінің қарым-қабілетін өздері жұмыс істеп отырған салада қолдана алады. 

«Мен кадрлық резерв құрамындағы Ассмблея мүшелерінің тәжірибесімен бөліскім келеді. Бұл - Максим Споткай, қазір Сенат аппаратының жетекшісі болып отыр. Элина Масагутова «Қоғамдық келісім» республикалық ұйымының директоры болып отыр. Олар жастар кадрлық резервіне әр жылдары іріктелді. Жастардың арасынан біліктілігіне сәйкес кадрларды ілгерілендіру тенденциясы өте жақсы вектор. Бұл мемлекеттік қызметті де, кадрлық шешімдерді қабылдауды да жақсы дамытады. Биылғы кадрлық резерв өткен жылы жасақталды. Биыл өңірлік кадрлық резервтерді жасақтау болады. Бұл да өте тиімді алаң», - дейді ол. 

Бүгінде жергілікті атқарушы билікте білікті, кәсіби мамандардың жұмысқа алыну мәселесі ашық.

Сондықтан спикер бұл алаң жас мамандарға өздерін көрсетіп, білімдері мен біліктерінің нәтижесінде мемлекеттік қызметкер атанып, жергілікті атқарушы билік органдарында қызмет етуге мүмкіндік береді деп отыр. 

«Меніңше, кадрлық жастар резервін өңірлікке де бөлу тиімді болады. Бұл өңірдегі көп жасқа мемлекеттік қызметте өз жолдарын бастауға септігін тигізеді. Осыған дейін мұндай мүмкіндік болмады. Ал резерв жастардың мемлекеттік қызметтегі әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде жастардың идеясы көп, олар мемлекеттің қарқынды дамуы үшін сол бастамаларды ұсынатын алаң іздейді. Осы орайда, жастар кадрлық резерві жас мамандар осы бағытта өз қабілетін қолдануға жағдай жасайды», - деді Тимур Жұмырбаев. 

Спикердің айтуынша, бүгін мемлекеттік қызметке енді келетін жастар қауымы баршылық. 

«Бұл да жақсы тенденция. Мемлекеттік қызметші болған тартымды, оған көбі ұмтылады. Алайда жастар мемлекеттік қызметкер болудың жауапкершілігі жоғары екенін де түсінеді. Ол алдымен халықтың алдында, елдің алдындағы жауапкершілік. Сондықтан мемлекеттік секторға бара жатқан мамандар моральдық тұрғыда дайын болуы керек. Жұмысқа, ілгерілендіруге де дайын болуы тиіс. Әрине, жас мемлекеттік қызметкер бейнесі кешенді образ. Оның білім деңгейінің жақсы болуы және моральдық көзқарасы да салмақты болуы керек. Сондықтан жастар кадрлық резерві жастардың бойында осындай қабілеттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын», - деді маман.