«Жыл сайын адам саудасы бойынша істер көбейіп келеді»: заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды
Депутаттар аталған заң жобасының маңыздылығы жайлы айтты

Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөніндегі заң бірінші оқылымда мақұлданды. AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев адам саудасы жайлы заң жобасы қаншалықты өзекті екенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Адам саудасы мәселесі – адамдарды Конституциямен бекітілген негізгі құқықтары мен бостандықтарынан айыратын жаһандық проблема. Осыған қарсы барынша күш-жігер салынып жатқанына қарамастан, БҰҰ-ның Адам саудасы жөніндегі жаһандық есебіне сәйкес, жыл сайын миллиондаған жан осы қатерлі сауданың құрбаны болады. Олардың арасында әйелдер мен қыздар саны шамамен 71%-ды құрайды, оның көпшілігі сексуалдық қанауға ұшырайды. ҚР ІІМ деректеріне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын «адам саудасы» санатында 100-ге жуық сотқа дейінгі тергеу тіркеледі. Өкінішке қарай, жыл сайын мұндай істердің саны артып келеді. Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты адам саудасы артып, ол жасырын және трансұлттық сипат алып барады. Бұқаралық ақпарат құралдарынан адам саудасының түрлі фактілері туралы күн сайын еститін болдық. Мұндай құрбандардың басым бөлігі әйелдер мен балалар, оларды мәжбүрлеп жезөкшелікпен айналысуға пайдаланады, сондай-ақ жұмысқа жегіп, құлдықта ұстау жағдайлары да көп», - деді Бейсенбаев.
Оның айтуынша, адам саудасына ықпал ететін негізгі себептерге кедейлік, жұмыссыздық, білімсіздік және басқа да факторлар жатады.
«Еңбекпен қанауға негізінен әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы адамдар түседі. Осы факторлар оларды пайдалануға азғырып көндіруші адамдар үшін қолайлы жағдай жасайды. Мұндай қылмыстардың таралу деңгейі еңбек нарығының және адамның әлеуметтік қорғалуының жай-күйін бағалау көрсеткіштерінің бірі ретінде қаралады. Сонымен қатар, мәжбүрлеп жұмыс істету фактілерін анықтау өте қиын. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мұндай құрбандарды анықтауда үлкен қиындықтарға тап болады. Себебі ондай адамдар оқшауланған жағдайларда, жеке үйлерде және шалғай жерлерде жұмыс істейді. Адам саудасына қарсы іс-қимыл проблемасын тиімді шешу және соның құрбандарына көмек көрсету үшін оң халықаралық тәжірибені зерделеп, енгізу қажет», - дейді ол.
Ол атағандай, Қаралып отырған заң жобасы өзекті және уақтылы болып табылады.
«Жеке заңның қабылдануы адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттардың талаптарын ескере отырып, осы саладағы заңнаманы одан әрі жетілдіру үшін құқықтық база қалыптастырады.Бұл зұлымдықпен тиімді күресу үшін заңнаманы күшейту және адам саудасымен айналысатындар үшін жазаны қатаңдату қажет. Сонымен қатар осындай қылмыстар санатын едәуір азайтуға болатын алдын алу шараларына да ерекше назар аударған жөн. Негізінде, белгілі ір өмірлік жағдайларда кез-келген адам құрбан болуы мүмкін. Сондықтан, мемлекет адам саудасына қарсы іс-қимыл тиімді болуы үшін барлық шараларды қолдануға міндетті», - дейді ол.
Депутат атағандай, осы заң жобасын қабылдау өзекті және уақтылы, сонымен қатар халықаралық стандарттарға сәйкес адам саудасына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін қажетті құқықтық негіздер қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Заң жобасы бойынша қосымша баяндама оқыған депутат Марат Бәшімов адам құқықтары саласындағы халықаралық шарттар талабына сай, адам саудасына қарсы іс - қимыл туралы жеке заң болған жоқ. Сондықтан оны әзірлеу заңнамамызды жетілдіру қажеттілігіне байланысты болды.
Негізгі заң жобасында оның ұйымдық-құқықтық негіздерін айқындау көзделеді:
- адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті органдарды, олардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу, анықтамаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру ретінде,
- жаңа ұғымдарды, адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерін және олардың құзыреттерін енгізу, осы саладағы проблемаларды анықтау мақсатында тәуекелдерді бағалауды (деректерді жинау) енгізу.
«Адам саудасының әлеуетті құрбаны» деген халықаралық ұғым нақты белгіленген - бұл материалдық, психологиялық немесе өзге де тәуелділіктің, кәмелетке толмағандардың немесе қарттардың, жетімдіктің немесе қараусыздықтың, жүктіліктің, мүгедектіктің, психикалық және өзге де аурулардың, есірткіні, алкогольді немесе психотроптық заттарды теріс пайдаланудың салдарынан осал жағдайға тап болған және зорлық-зомбылық немесе қанау объектісіне айналуы мүмкін адамдардың барлығы жұмыссыздық, құжатсыздық, баспанасыздық, сондай-ақ реттелмеген көші-қон мәртебесі», - дейді Бәшімов.
Ол атағандай, жеке тарау кәмелетке толмағандардың құқықтарын неғұрлым осал санат ретінде тиімді қорғауға және профилактикалық жұмысты күшейтуге арналған.
«Заң жобасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған медициналық ұйымдар мен ұйымдардың лауазымды адамдарының жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу және осындай істерді қарау жөніндегі уәкілетті органның құзыретін айқындау көзделеді. Сонымен қатар, адам саудасының және кәмелетке толмағандардың ықтимал құрбандарымен еңбек шартын жасамайтындарды әкімшілік жауапкершілікке тарту маңызды. Жұмыс барысында депутаттар 60-қа жуық түзету енгізді. Атап айтқанда, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атынан Ұлттық баяндамашының жаңа институты енгізілуде. Бұл мәселені түсіну, бағалау жүргізу және адам саудасына қарсы іс-қимыл саласында ұсыныстар жасау үшін қажет тәуелсіз тұлға. Бұл мемлекеттің құқық қорғау қызметіндегі маңызды қадам», - деді ол.
Депутаттар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету шеңберінде өз еліне оралу бойынша адам саудасының шетелдік құрбандарына жәрдем көрсетуге қатысты түзетулер енгізді.
«Адам саудасы проблемасы көп қырлы болып табылатындығына және ІІМ мен Еңбек министрлігінің екі мемлекеттік органының құзыретінен асып кететіндігіне байланысты тиісті ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында депутаттар басқа мемлекеттік органдардың нақты құзыреттерін де көздеуді ұсынды. Мұндай кешенді тәсіл мен бірлескен күш-жігер осы қылмыстардың санатын едәуір азайтуға және адам саудасына қарсы тұруға мүмкіндік береді. Интернет арқылы жыныстық қызметтерді ұйымдастыруға қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. «Адамды пайдалану» ұғымы мәжбүрлеу тәсілдерін кеңейту бөлігінде халықаралық конвенцияларға сәйкес келтіріледі», - дейді депутат.
Бәшімов атағандай, ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам саудасы» 128-бабына өзгерістер енгізіліп жатыр.
«Адам саудасының анықтамасы азаматтарды заңсыз қанауға тарту тәсілдерімен кеңейтілді. Бұл нақтылау құқық қорғау органдарына аталған барлық жағдайда қылмыстық іс қозғауға мүмкіндік береді. Заң жобасы қылмыстық құқық бұзушылықтарды неғұрлым тиімді анықтауға ықпал етеді, адам саудасының алдын алу жөніндегі профилактикалық жұмыстарды күшейтеді, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау жөніндегі одан әрі шараларды қамтамасыз етеді деп сенеміз. Мәжіліс комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындылар берді. Жұмыс тобы мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен 14 отырыс өткізді», - дейді ол.
Заң жобасы дептуттар бірінші оқылымда мақұлдады, заң жобасы екінші оқылымда талқыланады.