Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өндіріске жұмсайтын қаржысының 1% ғылыми зерттеуге бөлмей отыр
Ғылым - елімізде қатарынан қалып, ырзығынан қағылып, теңгеден таршылық көрген сала деп санайды депутаттар. AMANAT партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Мәжіліс отырысында ғылым саласына еліміздегі жер қойнауын пайдаланушы компаниялар тарапынан бөлінуі тиіс қаражаттың қайда қалғанын сұрап, депутаттық сауал көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз» деді. Себебі, қазір дөңгеленген дүниеде ғылымы дамыған елдер ғана топ жарып, экономикасы қарыштап дамып жатыр.
«Ал біздегі жағдай қалай? Қазақта «Ғылым - теңіз, білім – қайық» деген қанатты сөз бар. Бірақ біздегі бүгінгі байламмен қарасақ, теңізіміз тартылып, қайығымыз қайраңға шығып қалды. Себебі отандық ғылымға бөлінетін қаражат «жетім қыздың жүгіндей» болып тұр. Әлем, келесі кезекте ғылымның қай саласында тыңнан түрен саламыз, қай биікті бағындырамыз деп жүргенде біз ғылымға ақшаны қайдан табамыз деп түбі тесік қалтамызды түрткілеп отырмыз. Содан кейін елден ақылды бастар кетіп жатыр деп сан соғатынымыз және бар», - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутат келтірген мәлімет бойынша, биыл Республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыруға 204 млрд теңге қарастырылған. Бұл сумма 2025 жылы 242,6 млрд теңгеге, 2026 жылы 259,5 млрд теңгеге жетеді.
«Бір елдің ғылымын аяққа тұрғызып, дамыту үшін бұл қаржы жеткіліксіз. Дегенмен онсыз да ішер ас, киер киімге жарымай, жұмыссыздықтан қиналып жүрген жұрттың аузынан артық ақшаны жырып алу мүмкін емес, оған ешкім құқығы да жоқ! Бұл мәселені шешудің, онсыз да кім көрінген бүйірінен теспей сорып, түбі көрінген бюджетке салмақ салмаудың бір тәсілі бар. Ол талап Заңда тайға таңба басқандай жазылған. Яки, Қазақстанның жерасты байлығын қалағанынша игеріп, қисапсыз қаржы тауып отырған компаниялар ақшасының 1 пайызын ғылымды дамытуға беруі тиіс. Заңда солай көрсетілген. Бар болғаны 1 пайызын ғана. Бірақ сол талаптың өзін көкпарға салған алып компаниялар ақырында отандық ғылымды бюджетке мөлитіп қойды», - деді депутат.
Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жер қойнауын пайдаланушылардың өндіріске жұмсайтын қаржысының 1 пайызын Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға міндетті инвестиция ретінде құюына айрықша назар аудару қажет. Бұл ретте өндіруші компаниялардың аталған шығындарын орталықтандыруды жалғастыру керек» деген еді. Алайда қазақтың жеріндегі байлықты барынша қазып отырған Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сол 1 пайыз қаржысын ғылымға жолдап жатқаны жөнінде ашық ақпарат жоқ.
«Ғылымның нақты қай саласына қаржылық қолдау көрсетілгені туралы да анық дерек жоқ. Жер қойнауын пайдаланушы қай компания ғылымның қайсы саласына қанша ақша салды деген нақты сұраққа салаға жауапты министрлік өкілдері жауап бере алмағанын да көрдік бәріміз. Қазақтың жеріндегі байлықты қалағанынша игеріп, қымбатшылықтан әбден зәрезап болған қазақ халқының ғылымын дамытуға ақшасының 1 пайызын қимай, Заңды тиісінше орындамай отырған компанияларды қатаң тәртіпке шақырар кез келді», - деді депутат.
Ол жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың бүгінге дейін ғылымға нақты қанша қаржы бөлгенін, оның қайда жұмсалғанын қатаң тексеру талап еттті. Депутат, ғылымға деп бөлген 1 пайыз қаражатқа жасалатын ғылыми жобаларға арнайы ашық байқау жариялануы тиіс және қай жобаның ұтқаны, оған қанша теңге аударылғаны анық көрсетілуі қажет деп санайды.
«1 пайыздық межені орындамаған компанияларға Заңға сәйкес шара қолдану және жер қойнауын пайдаланушы компаниялар ғылымға деп бөлген қаржыны орталықтандырудың тетігін іздеу ұсынылды. Сол үшін арнайы қор құрып, ғылымды қолдауға арналған қаражаттың барлығы соның қамбасына аударылуы тиіс. Бұл қордың жұмысын тәуелсіз комиссия бақылауы керек, оның құрамына қоғам белсенділері міндетті түрде кіруі қажет. Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз», - деді депутат.