Мәжілісте арнайы заң қабылданды
Қазақстан мен Қытай мемлекеттері бір-біріне құқықтық көмек көрсетеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәжілісте «1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды.
Хаттама жобасы Қазақстан аумағында шетелдік соттардың шешімдері мен өтініштерін орындау саласында, сондай-ақ екі тараптың да құзыретті мекемелерін өзгерту бөлігінде құқықтық көмек көрсету жөніндегі сот органдарының функцияларын нақтылайды. Сонымен, хаттамада мынадай орталық мекемелер айқындалған: Қазақстан тарапынан – Жоғарғы Сот, Бас прокуратура және Әділет министрлігі; Қытай тарапынан – Әділет министрлігі, Жоғарғы Халық прокуратурасы және Жоғарғы Халық Соты.
Бұл өзгерістер азаматтардың өздерінің де, уәкілетті органдардың да өтініштерді құзыретті органнан уағдаласушы тараптардың Жоғарғы сотына дейін қайта жіберу жөніндегі уақытша шығындарын болдырмайды, бұл өз кезегінде азаматтар мен заңды тұлғалардың заңды мүдделерін қорғау мәселелерін анағұрлым тез шешуге ықпал ететін болады.