БҚО-да алимент төлемегендердің берешегі 2 млрд теңгеге жеткен

Автор: Аманалина Тоғжан

Уәкілетті органдар заң аясында шара қабылдап жатыр

Фото: freepik.com

Батыс Қазақстан облысында борышкерлердің алимент берешегі 2 млрд теңгеге жеткен. Осының салдарынан 4 мыңнан астам бала материалдық қолдаусыз қалып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алимент төлемегендердің дені - маскүнем, нашақор, үйсіз-күйсіз және жұмыссыз жүргендер. Мамандардың айтуынша. арасында табысын жасырып, қашып жүргендер, тапқанын балаға емес, құмар ойынға салғандар да бар.

Прокурорлардың мәліметінше, ақшасы бола тұра, алимент төлемейтіндердің көліктері айып тұрағына қойылып, көлік жүргізу құқығынан айырылды. Мойнында миллиондаған қарызы барлар айыппұл төлеп, 3 тәулікке қамалып жатыр. Бұл үшін қылмыстық жауапкершілік те қаралған, деп жазады qazaqstan.tv.

«Уәкілетті органдар заң аясында шара қабылдап жатыр. Оған қоса, меніңше, алимент төлемейтіндермен үздіксіз идеологиялық, тәрбиелік жұмыс істелуі керек. Ең бастысы, ата-ана өз әрекетін түсінуі қажет. Неге өзі жауапкершілік алмайды? Неге бәрін мемлекетке артып қойған? Осы тұста бізге қоғамдық ұйымдардың, осы мәселеге бей-жай қарамайтын адамдардың қолдауы қажет», - дейді Облыстық бала құқығы жөніндегі уәкіл Жанат Нұрмағамбетова.