Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді – Тоқаев

Автор: Аманалина Тоғжан

Президент ономастика саласында жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс екенін айтты

Фото: akorda.kz

Ұлттық құрылтайдың үшініш отырысында Мемлекет басшысы «Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Бұл – жағымсыз жағдай» деп атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан, шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды.

Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды.

Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, Республика, Бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал», - деді Президент.