Қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады – Тоқаев

Ұлттық құрылтай да әз-Наурыз қарсаңында өтіп жатыр

Қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады – Тоқаев
Фото: Ақорда

«Құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады». Мемлекет басшысы Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда осылай деді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ең алдымен, мен баршаңызға Көрісу күні құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын бір-бірімен қауышып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отырғанына тоқталды.

«Ұлттық Құрылтай да Әз Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал Құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан Құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды.

Алғашқы отырыс Ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі», - деді Қ. Тоқаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.