$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Кезінде қажеттіліктен туған»: Амал мерекесі жайлы ғалымдар пікір білдірді

Бүгін еліміз бойынша Көрісу күні аталып өтуде

«Кезінде қажеттіліктен туған»: Амал мерекесі жайлы ғалымдар пікір білдірді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Көктемнің алғашқы лебі сезіліп, қыстың кәрі қайтқанда батыс өңірінің қазақтары көрісу салтын бастайды,  деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. 

Бұл күні Наурыздың орта тұсына, 13-14-жұлдызына сайма-сай келеді. Осы күндері батыс аймақтың халқы көршілері мен ағайын-туысын түгендеп, бір-бірінің үйіне қонақтап барады. Амандық-саулық сұрасып, «Бір жасың құтты болсын!», «Бір жасқа есеюіңмен!» деп ақжарма тілек айтады. Әр отбасы таңертеңнен самаурынын қайнатып, қазан-ошағын сайлап, ақ дастарханын тәтті-дәмдіге толтырады. Жасы кішілер үлкен кісілерге ізет көрсетіп, үйіне кіріп, амандасып шығады. Кішкене балаларға аналары дорба ұстатып қояды. Көрісуге кірген балақайлар әр шаңырақтың асынан ауыз тиіп, дорбасына кәмпит пен бауырсақтан салып алады. Бұл балаларымыз тоқ, дастарханымыз аралас, берекеміз мол, бірлігіміз бекем болсын деген ізгі ниеттен туған дәстүрдің бірі. Араздасқан туысқан болса, бір-бірін кешіріп, төс қағысып, қайта табысады. Арадағы өкпе-ренішті өткен жылға қалдырады. Көрісу күнінде Ұлыстың Ұлы күні орындалатын жоралғылар жасалады. Сондықтан бұл кезеңді Наурыз мерекесінің бастауы десек болады. Кейінгі уақытта атаулы күн тек батыс өңірі емес, еліміздің басқа да аймақтарына таралып, ауқымы кеңейді.

Тарихшы, этнограф Досымбек Қатыран «Көрісуді тек Батыс Қазақстанға телу дұрыс емес, ол Шығыс Қазақстанда да ішінара сақталған» дейді.

«Көрісудің мағынасы – сәлем беру, амандасу. Көктемнің алғашқы айы туғаннан кейін, кішілер үлкендерге амандаса барған. Сонда «Бір жасың құтты болсын!» дейді. Бұл батыс жерінде көбірек сақтаған. Бірақ шығыс қазақтарының арасында да ішінара «Жаңа жасың құтты болсын!» деп тілек айту бар», - деді этнограф.

Ғалым Көрісу күнінің шығу тарихы жөнінде былай дейді:

«Ай күнтізбесі бойынша қазақтар көктемнің алғашқы айы наурыздың бірінде көрісу салтын бастаған. Бірақ 1918 жылы Юлиан күнтізбесінен(ай) Григориан күнтізбесіне (күн) көшкен кезде, 13-14 күн айырмашылық пайда болды. Сөйтіп, 14 наурызға шегелеп қойды. 22 наурыз –  Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі де Күн күнтізбесімен белгіленген. Ал ай күнтізбесі жыл сайын өзгеріп отырады. Мысалы, көктемнің бірінші күні – былтыр 10 наурызға сәйкес келді. Бұрынғы есеп бойынша жаңа ай туған күннен жаңа жыл басталған. Философ-ақын Шәкәрім Құдайбердінің ұлы Ахаттың бір жазбасында «14 наурыз - ескіше 1 март» делінген. «Әкей айтты: бүгін ескіше 1 март - қазақша Жаңа жыл Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты - Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн» дегенді білдіреді. Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел бар «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болады. Үлкен кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» деген», - деп түсіндірді этнограф.

Ол «Шығыс Азия мемлекеттері де ай күнтізбесіне сәйкес, екінші айда ұлттық құндылығы ретінде жаңа жылдарын тойлайды, біз де үшінші ай басталғанда өз жаңа жылымызды мерекелегеніміз дұрыс» деп атап өтті.

Көрісу күні кейде «Амал мерекесі» деп те айтылады. Бірақ этнограф, тарихшы Досымбек Қатыранның сөзінше, бұл қате ұғым.

«Амал дегеніміз – ай күнтізбесіне орай, әр аймақта табиғаттың жағдайына қарай айтылатын өтпелі құбылыстар. Жер жағдайына, климатқа байланысты қазақта 20-ға жуық амал бар. Мәселен, батыс өңіріндегі «Тасбақаның дауылы» деген амал шығыста жоқ. Орталық Қазақтандағы «Құралайдың салқыны» деген табиғат құбылысын шығыстың не батыстың қазағы түсінбейді. Соған қарағанда, «Амал мерекесі» деген жоқ. Кезінде газетке солай жазылып, солай аталып кеткен болуы керек. Амалды Хамал деген ай атымен байланыстырады. Бірақ оның еш байланысы жоқ», - деді ғалым.

Жазушы, этнограф Марат Тоқашбаевтың сөзінше, Көрісу күні тек батыс өңірінің жергілікті жұртына тән дәстүр.

«Этнографияда, жалпы біздің тарихымызда дәстүрлер, мейрам болып аталып өтетін күндер бүкілхалықтық және жергілікті жерге тән болып бөлінеді. Көрісу күні іс жүзінде еліміздің батыс өңіріне тән. Батыстың табиғаты ойлы-дөңісті, сай-салалы. Алты ай бойы қыс. Жерді қалың қар басып, адамдардың бір-бірін көруге мүмкіндігі болмаған. Сонымен көктем келіп, ауыл-ауылдың арасына жол түскенде, іздеп барып, көріседі. Алты ай қыста әртүрлі жағдайлар болады. Қысты күні көз жұмған адамдарды жер тоң болған соң көме алмаған. Ондайда биіктеу жерге апарып, ағашқа аманаттап қояды. Жаз шыға, тоң ерігенде жерлейді. Көктемде көріскен ел соның бәрін түгендеп, өліге құран оқып, тірімен қуана қауышатын болған. Көрісудің мәні сол. Кезінде қажеттіліктен туған салттың қазіргі кезеңде маңызы қалған жоқ. Бір-бірінен айлап, жылдап хабар алмау деген дәуір келмеске кетті», - деп пікір білдірді Марат Тоқашбаев.

Айтыскер ақын, Жаңаөзен қаласының мәслихат депутаты Арғынбек Қалбаев Маңғыстауда Көрісу күнін атап өтудің маңызы зор екенін айтады.

«Біз 14 Наурызды Амал мерекесі не болмаса Көріс күні деп атаймыз. Бір-бірімізге «Амалға аман жетуіңізбен!» деген ізгі тілек айтамыз. Бұл күн жаңа жылдың бастауы болып саналады, тіпті Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінен де асырып тойланады. Ру-тайпалар бірігіп, үйде, мейрамханада дастархан басына жиналып, көріс ұйымдастырады. Алыс-жақын туыстар бас қосады. Бұдан өзге, Маңғыстаудағы Батыс Қаратаудың ең биік нүктесі – Отпан тауда «Адай ата — Отпан тау» рухани-тарихи мәдени кешені бар. Мұнда жыл сайын, 13-нен 14-не қараған түні рулардың белсенділері жиналып барып, «Бірлік отын» жағады. Үй тігеді, мал шалады, бәйге береді. Үлкен концерт, той ұйымдастырылады. Әр түрлі қазақтың салт-дәстүрі, ойындары өткізіледі. Көріс күні жоғары деңгейде атап өтіледі. Маңғыстауда халықтың басым бөлігі Адай руының ұрпақтары. Сол Адайдан шыққан 8 ру кезекпен жыл сайын мерекені өткізуді мойнына алады. Эстафета сияқты бір-біріне беріп отырады. Қазір осы дәстүр әлеуметтік желілер арқылы халыққа тарады. Сондықтан Президент Тоқаевтың өзі Көрісу мерекесін бүкіл Қазақстанда тойлауды ұсынған еді», - деді айтыскер.

Айта кетсек, биылдан бастап елімізде Наурыз мерекесін тойлау жаңа форматта атап өтілетін болады. Жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жариялау ұсынылды:

  • 14 наурыз - Көрісу күні - Амал мерекесі
  • 15 наурыз - Қайырымдылық күні
  • 16 наурыз - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні
  • 17 наурыз – «Шаңырақ күні»
  • 18 наурыз - Ұлттық киімдер күні
  • 19 наурыз - Жаңару күні
  • 20 наурыз - Ұлттық спорт күні
  • 21 наурызды - Ынтымақ күні
  • 22 наурыз - Жыл басы
  • 23 наурыз - Тазару күні болып аталып өтпек. Наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймағына жіберілді.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Наурыз мерекесін тойлауға арналған жалпы республикалық жоспар әзірледі. Құжатта барлық форматтағы іс-шаралар қамтылған. Жалпы республика бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өткізіледі. Ал басты мереке 21 наурыз күні Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесінің аумағында өтеді. Аталған мереке аясында киіз үйлер құрылып, түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазіргі таңда мерекенің тұжырымдамасы бекітіліп, дайындық жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары