Ел аумағында төтенше жағдай 1 мамыр сағат 07:00-ге дейін ұзартылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда төтенше жағдайдың қолданысын ұзарту туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда сайтында хабарланды.
«Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 жарлығымен енгізілген Қазақстан Республикасының барлық аумағындағы төтенше жағдайдың қолданысы 2020 жылғы 1 мамырдағы 07 сағат 00 минутқа дейін ұзартылсын», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Қазақстан Үкіметі орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жарлықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдайды.
Ел Президенті бұған дейін карантин режимін сәуір айының соңына дейін созуды тапсырған еді.