Алматыда автосалон арқылы сатылған қымбат көлік өзгенің меншігі болып шықты

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Аталған көлікке қатысты бар деген бірнеше адам сотқа шақырылып отыр 

Фотоколлаж Azattyq Rýhy/ Әсет Құндақбаев

Алматыда автосалон арқылы қымбат көлік алған жігіт машинасынан айырылып қалды. Айыппұл тұрғанында бірнеше айдан бері тұрған құнды көлік өзгенің «меншігі» болып шықты. Автосалоннан несие арқылы сатып алған көлігінен бір сәтте айырылып қалған Әділжан Рахымжанов, енді қылмыстық істер жөніндгі аудандық соттың табалдырығын тоздыруға мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бірнеше айдан бері сотқа келіп жүрген Әділжан өтен жылдың 14-шілдесі күні 27 миллион теңгеге 2021 жылғы Toyota Highlander маркалы көлікті сатып алған. Көлік құнының 10 миллион теңгесін өзі төлеп, 17 миллион теңгені банкке машинаны кепілге қою арқылы несие алған.  Көлікті тексерген, рәсімдеген автосалон. Алайда дәл машинаны атына аударған күні қылмыстық іс ашылыпты.

Айтуынша, Toyota Highlander өзгеге тиесілі болсада заңсыз сатылған көрінеді. Сатылымдағы машинаның құжат жүзінде тазалығын тексеретін автосалон даулы жағдайға көліктің қатысы бар екенін білмей қалған, мыс.

«Tulpar Q4 автосалоны арқылы алдым. Екі аптадан кейін Бостандық аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері келіп, машинаны тәркіледі. Мен несие рәсімдедім автосалонда, 10 миллион теңгені алғашқы төлем ретінде бердім де, 17 миллион теңгені банктен алдым. Ол машинамен бар боланы екі апта ғана жүрдім, даулы машина, басқаға тиесілі деп тартып алып кетті. Міне 8 ай болды не көлігімді, не ақшаны ала алмай жүрмін. Полиция хаттама да толтырған жоқ, шындығында ол машинаның не себепті айыппұл тұрағында тұрғаны да мен үшін белгісіз. Мен көлікті автосалон арқылы сатып алдым, ақшаны автосалон сатушының есеп шотына аударды», - деді көліктің иесі.

Айтуынша, қазір аталған іс бойынша Бостандық ауданында сот жүріп жатыр. Даудың басталғанына тоғыз айға жуықтаса да бітер түрі жоқ. Полиция көлікті танысынан өзара келісім шарт арқылы сатуға келісім алып, оны басқаға беріп жіберген адамды қамауға алыпты. Қазір күдікті деп танылған жігіттің үстінен ҚР ҚК 190 бабы бойынша ашылған қылмыстық істің негізінде сот отырыстары өтіп жатыр. Алайда сотқа дейін бес адам даулы машинаның иесі атанып үлгерген. Яғни, көлік қолдан қолға бес рет өткен. Бірақ ол кезде ешкім оны дауламаған.

«Менің алдымдағы көліктің иесі машинамен бар болғаны 20 шақты күн жүргенде, сатып жіберген. Ал қамаудағы жігіт машинаны сатып берем деп танысынан құжат жүзінде рұқсат аған. Одан кейін де көлік бірнеше рет сатылған. Ақырында мен алған кезде полиция қылмыстық істі ашып отыр. Қазір бұрынғы иелері және осы машинаға қатысы бар бірнеше адамның арасындағы жағдай бойынша сот жүріп жатыр. Мен ол көлікті автосалонда 7 жылға несиеге рәсімдедім және ай сайын 450 мың теңгеден банкке төлеп отырмын. Алайда менде қазір не машина жоқ, не ақша жоқ. Құр несие төлеп келем. Бұл таза әділетсіздік деп санаймын. Өйткені, менен оны алып қойды, сот та, тергеушілер де мені жәбірленуші деп таныған жоқ. Мен қазір сотта ешкім емеспін, құрдан құр келіп жүрмін. Мен сонда әділдікті кімнен, қайдан іздеймін? Ақшаны кімнен талап етем, менің алдымдағы иесі де жәбірленуші деп танылмаған. Куәгер ретінде жүрмін, іс қағаздарымен танысуға да құқығым жоқ. Бүгінге дейін 4 рет сот отырысы өтті. Автосалон да көліктің даулы іске қатысы бар екенін білмедік деп отыр. Бірақ мен тура көлікті автосалоннан рәсімдеп, ақшаны аударып, атыма тіркеген күні осы машинаға қатысты қылмыстық іс ашылған. Бұл мен үшін күмәнді», - деді Рахымжанов.

Сотталушының адвокаты да тергеу әділетсіз жүрді деп санайды. Айтуынша, қорғауындағы жігіт те «алданып» қалған. Ал полицияға арыз жазған адам көліктің иесі де емес. Қамаудағы жігіт не орысша білмейтін, не кириллше жаза алмайтын ҚХР келген қандас.

Құқық қорғау органдары күрмеуі көп істе кінәлілерді тапқанның орнына, заң білмейтін қандасты құрбан қыла салмақ дейді адвокат. Автосалонда сатылған көліктің даулы болып шығатынын білмеген көлік иелері күдіктіге тағатын талап, айыбымыз жоқ деп отыр.

«Бұл қылмыстық істе сотқа дейінгі тергеу кезінен бастап қазірге дейін барлық заң талаптары бұзылуда. Сотқа дейінгі тергеу барысында менің барлық берген талап-тілектерім қанағаттандырылған жоқ. ҚР ҚК 179-бабына сәйкес бұндай жағдайда Қылмыстық іс қозғауға жатпайды, себебі даулы автокөлікке қатысты сатып алу келісім шарты бар. Егер сатып алу келісім шарты болса, қылмыстық іс қозғауға жатпайды. Бұл негізі азаматтық тәртіпте қаралу керек. Бірақ қандай себеп екені белгісіз, қылмыстық іс қозғалды және қорғауымдағы қандасты күдікті деп танып, қамауға алды. Екіншіден, ҚК 78-бабына сәйкес жәбірленуші ретінде тиісті тұлға танылмады. Себебі, ресми тіркелген адам куәгер. Бұл заң талаптарын бұзушылық болып саналады. Бірақ бұл туралы прокуратура органдары, Бостандық ауданының прокуратурасы ешқандай шешім қабылдаған жоқ. Талаптарды орындаған жоқ. Сонымен бірге тергеуші тарапынан өте көп кемшіліктер болды. Соның бірі, күдіктіден алынған екі ұялы телефонды тексеру, алу жүргізілген жоқ. Іс-құжаттары дәлелдеме ретінде танылған жоқ. Қазір телефонның қайда екені белгісіз. Қанша шағым жазылса да, әлі шешім қабылданған жоқ. Айғақ заттың жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалу қажет еді. Сотқа дейінгі тергеу барысында сотталушының тілге деген ҚК 30-бабына сәйкес барлық құқығы бұзылды. Сотталушы қазақ тілінде жазу білмейді, тек сөйлеу біледі. Орысша жазуды, сөйлеуді білмейді. Қытайдың қазағы, төте жазуды меңгерген. Осыған байланысты құқық қорғау органдарына қанша шағым жазылды, бірақ ол ешқандай негізге алынған жоқ», - деді сотталушы Қ. М-ның адвокаты Рахман Әбдісәмит.

Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотындағы қылмыстық іске бұл жолы куәгерлер шақырылды.

Күдіктіге ҚР ҚК 190 бабының (Алаяқтық) 2 тармағы 4 бөлігі бойынша айып тағылған. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе ол кемі 5 жылдан жоғары жаза алуы мүмкін. Алайда көліктің иесі кім болып қалатыны да, несие рәсімдеген жігітке ақшаны кімнен өндіретіні де сол қалпы шешілмейтін сияқты. Себебі, машинаның соңғы иесі жәбірленуші ретінде танылмаған.  

«Негізі даулы көлік сотталушының танысы, екеуі келісім-шарт жасасқан. Өзара келіскен.Сотталушы машинаның бастапқы иесі, яғни танысына қытайдан басқа техника әкеліп берем деп келіскен. Бірақ ол кісілер алмаймыз деп бас тартқан. Машинаны олар қолхатпен берген. Ақшаны сотталушы алмаған, сатқан да, ақшаны алған да басқа адам. Тек қана сотталушының кінәсі автокөлікті өзінің тағы бір танысына сеніп бере салған. Танысы бір аптаға алған. Бұ келіседі. Келіскен адам сатып алу келісім шартын жасап, машинаны сатып жібергн. Менің қорғауымдағы күдікті орыс тілін де білмейді. Сотталушының өзі жәбірленуші, алаяқтың құрбаны болып тұр», - деді адвокат Әбдісәмит.