Қостанай облысында әкімдіктің қызметкерлері мемлекет қаражатын ұрлауға көмектескен

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

АӨК дамытуға бөлінген субсидияларды ұрлаған  күдіктілердің 3 млрд теңгелік мүлкі бұғатталды 

Фото: Видеодан кадр

«BEEF EXPORT GROUP» ЖШС ет өңдеу кәсіпорны директорының басшылығымен ұйымдасқан топқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеуді ҚМА Қостанай облыстық департаменті аяқтады. Аталған адамдар тобы ұзақ уақыт бойы «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамыту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде субсидия ретінде бөлінген бюджет қаражатын ұрлаумен айналысып, мемлекетке 3 млрд теңгеден астам шығын келтірген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілер 107 млн теңгені өтеп, олардың  3,1 млрд теңгеге бағаланған  мүлкі бұғатталды.

«Қылмыстық схемаға 49 адам тартылған, олардың 13 - ұйымдасқан топтың мүшелері, оларға субсидияларды жымқыру, салық төлеуден жалтару, заңсыз кәсіпкерлік қызмет, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, лауазымды тұлғаларға пара беру және құжаттарды қолдан жасау күдігімен айып тағылуда», - деп хабарлады ҚР ҚМА Баспасөз қызметі.

Ұйымдасқан топтың басшысы өзінің бақылауындағы компанияның қызметіне салықтық тексеру жүргізген мемлекеттік қызметшіге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін қолданды деп күдіктелуде. Сондай-ақ, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының 30 шаруа қожалықтарының басшылары мен өкілдері іс бойынша күдікті деп танылды.

«Бұдан басқа, сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде «Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ-нің 3 лауазымды тұлғасына ақша қаражатын ұрлауға және пара алуға жәрдемдесті деген күдік тағылған. 7 ветеринарлық дәрігерге құжаттарды қолдан жасағаны, ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізгені, сондай-ақ заңсыз сыйақылар алғаны үшін айып тағылды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүргізілуде», - делінген ҚР ҚМА Баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.