Алматыда бір күнде 1064 адам COVID-19 инфекциясына тексеруден өткен
Алматыда COVID-19 инфекциясына тексерілу контингенті кеңейтілді. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді.
«Қазіргі таңда біз коронавирустық инфекцияның белең алып кетпеуі үшін, қауіпті індет бойынша тексерілетін адамдардың контингентін кеңейттік. Соның нәтижесінде ауруды жұқтырған науқастарды уақыт оздырмай дер шағында анықтап, оқшаулауға мүмкіндік туып отыр. Қазір банк қызметкерлері, базарларда тұратын адамдар, құқық қорғау органдарының өкілдері де тексеруден өтеді», - деді А. Молдағасымова.
Бүгінгі таңда Құрлық әскерлері әскери институтының 383 қызметкері тексерілді. Сондай-ақ, «Жұлдыз», «Жасыл базар», «Магнум» сауда орындарының өкілдері арасында да медициналық тексеру жалғасуда.
COVID-19-ды анықтау мақсатында жаппай тексерілу қаладағы коронавирустық инфекцияның жасырын ошақтарын анықтауға көмектеспек.
Алматының бас дәрігерінің сөзінше, Алматыда бір күнде 1064 адам COVID-19 инфекциясына тексеруден өтті.