Елімізде кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жалғыз үйінен шығаруға тыйым салынады

Автор: Темірхан Айжан

Мәжіліс берешекті өтеуге байланысты жаңа заң жобасын қабылдады

Фото freepik.com

Мәжіліс «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасының негізгі мақсаттары азаматтардың шамадан тыс кредит алу тәуекелдерін азайту және олардың проблемалық берешегін реттеу жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау болып табылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Осы мақсатта тоқсан күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге, сондай-ақ тоқсан күннен астам мерзімі өткен қазіргі кредиттеріне сыйақы есептеуге тыйым салынады.

Мерзімі өткен берешекті реттеу бойынша қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін төлем мерзімін өткізіп алған кезден бастап 24 айға дейін жеке тұлғалардың талап ету құқықтарын коллекторлық агенттіктерге беруге шектеу енгізіледі және берешекті реттеу рәсімін міндетті түрде жүргізгеннен кейін ғана беруге рұқсат етіледі.

Бұл ретте, қарыздары бұрын коллекторлық агенттіктерге берілген қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында жеке тұлғалардың сатып алынған кредиттері бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу жөніндегі коллекторлардың тікелей міндеті енгізіледі. Берешекті реттеу және оның өсуін болғызбау үшін тұтынушылық кредит ұғымы және оның шекті мәнін уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісі деңгейінде белгілеу енгізіледі.

Проблемалық кредиттерді реттеу бойынша азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін барлық банктік қарыз және микрокредит беру шарттары, оның ішінде коллекторларға берілген шарттар бойынша қарыз алушы - жеке тұлғалардың дауларын шешу жөніндегі өкілеттіктер кеңейтіледі. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйінен шығаруға тыйым салынады.

Бұдан басқа, заң жобасында кредиттер бойынша берешекті өндіріп алу процесінде қарыз алушының банктік шотында сақталатын ақша сомасы ең төмен күнкөріс деңгейінің бір еселенген мөлшерінен екі еселенген мөлшеріне дейін ұлғаяды.

Сондай-ақ, заңда берешекті реттеу және өндіріп алу рәсімін жүргізу мерзімдерін 18 айдан 12 айға дейін қысқарту көзделген.