Қазір Сейсмология институты Төтенше жағдайлар министрлігінің құзіретінде
Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек Сейсмология институтының ғылыми қызметкерлерінің жағдайының мүшкіл екенін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Дүйсенбі күні Алматыда жер сілкінісі болды. Таяуда Сейсмология институтының ғылыми қызметкерлерімен кездестім. Сіз қазір оларға Үкіметтен қолдау көрсетіліп жатыр, басқа да іс-шаралар жасалып жатыр деп айтып тұрсыз. Іс жүзінде аталған институт қызметкерлері бейшараның күнін кешіп отыр. Ешқандай ғылыми жобалары қабылданбаған. Жобаларын министрлікке жіберсе, оларды кері қайтарып жатыр, бүкіл қаржыландыруды қысқартып тастаған. Қажет десеңіз, олар айлық та алмайды. Сондай дәрежеге жетіп отыр. Ал сейсмостанциялардың өзі қаңылтыр темір. Оны музейге де қабылдамайды. Сейсмоқауіпсіздіктің дәрежесі қазір осындай. Сейсмология институты Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағында. Сейсмолог ғалымдар мұны қате деп санайды. Олар институтты Ғылым министрлігіне қайтару керек екенін айтып отыр. Бұған не дейсіз?», — деп сұрады депутат Бақытжан Базарбек.
Саясат Нұрбек Сейсмология институтының Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрамына берілуін қолдайтынын айтты.
«Шындығында бірталай институттар салалық министрліктерге берілген. Сейсмология институты да Төтенше жағдайлар министрлігінің құзіретінде. Оларда қазір толыққанды қаржыландыру да жоқ, біздің министрлік те олардың ішкі процедураларын қолдай алмайды. Сондықтан институтты бізге қайтаратын болса, қарсы емеспіз. Бірақ биыл қомақты грантты Сейсмология институтына бөліп отырмыз, яғни 3,5 млрд теңге көлемінде қаржы бекітілді. Қазір олардың барлық өтінімін пысықтап, Үкімет жанындағы комиссияның қарауына шығарып отырмыз», — деді министр.
Авторы: Айжан ТЕМІРХАН