Қытайда халықтың жан басына шаққандағы табысы 6,1 пайызға артты – Ли Цян
2023 жылы қала мен ауыл халқы табысындағы айырмашылық қысқарған
ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян Бейжіңдегі Халық жиналысы үйі ғимаратында Мемлекеттік XIV Халық Құрылтайының екінші сессиясы барысында былтырғы көрсеткіштер жайлы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Халықтың жан басына шаққандағы орташа табысы 6,1% - ға ұлғайды, қала және ауыл халқының табысындағы алшақтық қысқара түсті. Кедейлікті жою саласындағы нәтижелер нығайып, кеңейтілді, кедейліктен құтылған ауылдық жерлерде жан басына шаққандағы табыс 8,4% - ға өсті», - деді Ли Цян.
Ол міндетті білім беруге, кәрілік бойынша базалық сақтандыруға, базалық медициналық сақтандыруға бюджеттік субсидиялар ұлғайғанын атап өтті. Әлеуметтік көмекке кепілдік берілген адамдардың санаттары да кеңейген.
«Жеке табыс салығын есептеу кезінде балалар мен қарт ата-аналарды асырауға арналған шығыстарды қосымша шегеру нормасы ұлғайды, соның арқасында 66 миллионнан астам салық төлеушілер пайда көрді. Ескі тұрғын үй кешендерін қайта құру және қалалар мен кенттердегі тұрғындарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді, бұл 10 миллионнан астам отбасына пайда әкелді», - деп қосты ол.