$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ғылымды қаржыландыруға 730 млрд теңге бөлінді – ҰҒА президенті

Академиялар мен еліміздің ғылыми бірлестіктері арасында екіжақты меморандумға қол қойылды

Ғылымды қаржыландыруға 730 млрд теңге бөлінді – ҰҒА президенті
Фото: ҚР ҰҒА баспасөз қызметі

Елімізде ғылым саласын қаржыландыру 3,3 есеге ұлғайды. 2023-2025 жылдарға арналған ғылымды қаржыландырудың үш жылдық көлемі 730 млрд. теңгеге дейін жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алматыдағы «Достық үйі» ғимаратында ғылымды дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Оған салалық ғылым академиялары мен Қазақстан ғалымдарының кәсіби бірлестіктерінің басшылары қатысты. Дөңгелек үстел отырысын аша отырып, Ұлттық ғылым академиясының президенті А. Күрішбаев Мемлекет басшысы Тоқаев отандық ғылымды дамыту қажеттігін үнемі атап көрсететіндігін және ел экономикасын жедел дамытудағы рөлін арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдайтындығын атап өтті.

Ол сондай-ақ, Мемлекет басшысының мұндай қолдауы біздің ортақ күш-жігерімізді бір мақсатқа – зерттеу қызметін сапалы қалыптастыруды қамтамасыз етуге, оның тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға бағыттауға міндеттейтінін айтты.

«Жеке уәкілетті мемлекеттік орган - ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес ұйымдастырылды. Президент академиялық жүйені түбегейлі реформалау идеясын толық қолдап, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясын құрды. Енді ғылым саласын жүйелі түрде өзгерту, ең алдымен қалыптасқан стереотиптерді түбегейлі өзгерту, ғылыми кадрлардың шығармашылық әлеуетін барынша арттыру үшін жағдай жасау, осы процеске креативті жастарды тарту бойынша үлкен практикалық жұмыс күтіп тұр. Бұл тұрғыда Ұлттық Ғылым Академиясының, салалық және қоғамдық академиялардың рөлі мен орнын, олардың жаңа жағдайларда өзара іс-қимылын нақты анықтау ерекше маңызды болып табылады», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Дөңгелек үстел барысында барлық қатысушылар еліміздің алдында тұрған ғылыми-технологиялық даму саласындағы міндеттерді шешу тәсілдерін әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс атқару туралы шешім қабылдады. Қазіргі Академияның өзіндік ерекше миссиясы бар екеніне ерекше назар аударылды: ол ғылымды басқару саласындағы жүйелік олқылықтардың орнын толтыруы керек. Біздің жаңа миссиямыздың негізі – қазақстандық ғылымның дамуына үлес қосқысы келетін және үлес қоса алатын жетекші ғалымдарды бір ортаға шоғырландыру. Біздің пайымымыздағы (видение) ең бастысы – тәуелсіз ұсыныстарды беретін, автономды беделді сараптамалық ғылыми ұйым болуға ұмтылу.

«Қазақстандық ғылым бірінші кезекте прагматикалық болуы тиіс. Осыған байланысты Академия экономиканың нақты секторында жаңа ғылыми білімді (инновацияны) қолданудың тиімді тетіктері бойынша ұсыныстар енгізеді. Академия экономика мен қоғамның дамуына елеулі зияткерлік үлес қосуға қабілетті және тілек білдірген тәжірибелі ғалымдар мен талантты жастар үшін тартымдылық орталығына, ашық алаңға айналуы тиіс. Жалпы, отандық ғылымды дамыту үшін ғалым мәртебесін көтеру қажет. Ол үшін, ең алдымен, заңнамалық деңгейде жүйелі өзгерістер қажет», - деді ҚР ҰҒА президенті.

Дөңгелек үстел аясында ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясымен бірлескен қызмет туралы қоғамдық салалық академиялар мен еліміздің ғылыми бірлестіктері арасында екіжақты меморандумдарға қол қойылды.

«Осы жүйелі шараларды жүзеге асыру біздің ортақ мақсатымыз және міндетіміз екенін ерекше атап өткім келеді. Бұл жерде бөлісетін ештеңе жоқ. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Сіздерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» - дейді қазақ атамыз. Бүгінгі таңда - салалық Академиялар, ғылыми ұйымдар Ұлттық Академиямен бірлескен меморандумдарға қол қойды. Осы іске жауапкершілікпен қарап, бірге жұмыс істеуге ниет білдіргендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары