«Қарызға батқан халық көп»: елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасының екінші кезеңі басталады

Автор: Темірхан Айжан

Өткен жылы жоба аясында 65 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды

Фото «AMANAT» партиясының баспасөз қызметінен

Ел азаматтарының қаржылық сауатын көтеруге арналған «Қарызсыз қоғам» жобасы екінші кезеңін бастайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Былтыр республиканың 8 аймағында жүргізілген пилоттық жоба аз уақыт ішінде өзінің тиімділігін көрсетті. Өткен жылы жоба аясында 65 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Биыл тағы 750 мың отандасымыз қаражатты ұтымды, тиімді, оңтайлы басқаруды үйренбек.

Астанада «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушыларымен кезекті кездесу өтті. Оған Парламент Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановпен қатар, бірнеше министрліктің басшылары, кәсіпкерлер, жоба ұйымдастырушылары мен оның түлектері қатысты.  Басталғанына көп болмаған жоба халық арасында үлкен сұранысқа ие болған. Қазіргі күні бастаманың шарапатын көргендер аз емес. Өткен жылы жоба аясында сарапшылар 30 мыңнан астам заңдық кеңес берді. Нотариустардың 3 мыңнан астам орындаушылық құжаттарының күші жойылып, жеке сот орындаушыларының шектеулері алынып тасталды.

Берешекті реттеу және  несиелік қарызды қайта құрылымдау бойынша 14 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Заңдық-қаржылық көмектің арқасында 5 мыңнан астам адам банктерде жинақтаушы депозиттер ашқан. «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, бағдарламаға белсенді қатысатындар – әйелдер. Қазіргі күні 5 мыңнан астам адам білім алып жатса, оның 75 пайызы әйелдер екен. «Қарызсыз қоғам» жобасының 2023 жылғы түлегі Асылтас Қуатбаева кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік гранттар туралы жобаға қатысқаннан кейін білгенін айтады.

Маңғыстаулық әйел ауыл мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Бірақ өзінің елге берері бар, пайдалы кәсіп ашу деген арманы болғанын айтады. Сол арманына қадам жасап, 4 жыл бұрын қолдан шұжық дайындау оқуын оқып алады. Бірақ іске асыратын оңтайлы сәтті таппаған.  

«Жобаны «AMANAT» партиясының әлеуметтік желідегі парақшасынан көріп, қатыстым. Сол кездері жұбайым да жұмыстан шығып жатқан еді. Мемлекеттен кәсіпті қолдау бағытында көптеген бағдарламалар бар екенін түсіндік. Сол орайда Маңғыстау облысында 2020-2025 жылдарға арналған жол картасы бағдарламасы аясында қайтарымсыз 5 миллион теңге грант беріліп жатыр екен. Бағымызды сынап көрейік деп, қаржы сарапшысынан кеңес алып, өзіміздің бизнес жобамызды жазып өткіздік. Сәттілік серік болып, 5 миллион теңгені ұтып алдық. Соның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Қазір шағын кәсібімізді бар»,- деді Асылзат Қуатбаева.

Қазір Асылзат жұбайымен бірге ауылда шағын кәсібін дөңгелетіп отыр. Олар аптасына 50 келі  шұжық жасап, сатады. Тұтынушылары - ауыл-аймақ пен қала тұрғындары. Бірақ дүкендерге өткізуге арнайы сертификаты жоқ. Асылзат кәсібін үлкейтіп, Қазақстанның түпкір-түпкірі мен жақын шетелдерге өнімін шығаруды мақсат тұтқан.

Халықтың қаржылық сауатын арттырып, ақшаны жұмсау мен үнемдеу әдебіне үйрететін «Қарызсыз қоғам» жобасы бүгінде жалпыхалықтық бағдарламаға айналып келеді. Жиынға келген кәсіпкерлердің бірі алматылық Альбина Есенғалиева «Қарызсыз қоғам» жобасымен бірігіп, тегін менторлық қызмет көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Бүгінгі кездесуде қарызға батқан халықтың көп екенін естіп, көмек алған адамдар туралы ақпарат алып, өзім жобаның менторлық жұмысына аралассам деген ой келді. Адамдарға көмек беріп, олардың ойға алған кәсіптерін бастап, табыс тауып кетуге әрекет жасау жолдарын үйретер едім»,- деді ол.

Кәсіпкер таза былғарыдан әйелдер мен ерлерге арналған сөмкелер тігіп, сатады. Ең алғаш бизнесін өз күшімен ашқан, кейін мемлекеттік қолдаумен 2 миллион теңге грант ұтып, кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған. Қазіргі күні қоластында 3 тігіншісі бар.

«Қазір адамдар миллиондаған ақшаны сарп етіп, курс оқиды. Бірақ нәтиже шығаратындар аз. Сондай жандарға пайдалы жобаның аясында қол ұшын тигізгім келеді», - деді алматылық кәсіпкер.

Айта кетсек, «Қарызсыз қоғам» − халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің бірлескен бастамасы.