Биылғы көктемде әскерге қанша азамат шақырылады

Автор: Мира Байбек

Әскер қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы ер азаматтар шақыртылады

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Биылғы көктемде 20 мыңнан астам қазақстандық әскерге шақырылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл туралы ҚР Қарулы Күштері Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник Азамат Досымов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында хабарлады.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 1 ақпандағы № 443 Жарлығына сәйкес ағымдағы жылғы 1 наурыздан жергілікті атқарушы органдары әкімдері орынбасарларының төрағалық етуімен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруды бастады.

2024 жылдың 30 маусымына дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ, 18 бен 27 жас аралығындағы жиырма мыңнан астам ер азамат толықтырады.

«Соның ішінде: Қарулы Күштерге 9 мыңнан астам адам; Ұлттық ұланға  6 мыңнан астам адам; ҰҚК Шекара қызметіне 3 мыңға жуық адам; Төтенше жағдайлар министрлігіне 300-ден астам адам; Мемлекеттік күзет қызметіне 300-ге жуық адам тартылады», – деді спикер.