Петропавлда кәсіпкерлер әкімдіктен 1 млрд теңге қарызын ала алмай жүр

Автор: Аманалина Тоғжан

Ал қалалық әкімдік өкілдері мердігерлердің сөзін жоққа шығарып отыр

Фото: видеодан алынған кадр/qazaqstan.tv

Петропавлда жолаушы тасымалымен айналысатын мердігер компания өкілдері қалалық әкімдіктен 1 млрд теңгеден астам қарызын ала алмай жүргенін айтып шығамданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жататын тұрғындарға қызмет көрсеткені үшін төленетін субсидияны ала алмай жүрміз, дейді кәсіпкерлер. Айта кетейік, Петропавлда қалаішілік 18 бағыт бойынша 150-ден астам автобус қызмет көрсетеді. Олар 8 компанияға тиесілі.

«Әкімдіктің 2022 жылдан бері жиналған қарызы бар. Маған 400 мың теңге берешек. Былтырғы субсидияны толық алған жоқпыз. Биылғы төлем жасалып жатыр. Кадр тұрақтамайды, олардың жалақысын көтеуіміз керек. Техниканы жөндеп, жаңалауға ақша жоқ. Әкімдік берешегін өтемесе де, автобустар сатып алуға міндеттеп отыр», - дейді мердігер компания директоры Болат Рахымов.

Былтыр қала қазынасынан 2,7 млрд теңге субсидия бөлінген. Биыл да дәл осындай сома қарастырылған. Ал қалалық әкімдік өкілдері мердігерлердің сөзін жоққа шығарды. Айтуларынша, былтырғы қаржы толық төленген.

«Петропавл қаласы әкімдігінің жолаушылар тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлердің алдында субсидиялар бойынша қарызы жоқ. Жыл басында белгіленген сома жыл соңына дейін толық өтелді. Тариф көтерілді, қыркүйек айында. Міне осының барлығы, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жасалып жатқан көмек», - деді Петропавл қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.