2050 жылға қарай Орта Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, суды ең көп тұтынатын ел – Түркменстан. Бұл ел жылына жан басына шаққанда 5319 текше метр суды тұтынады. Ал, қазақстандықтар жан басына шаққанда бір жылда 2345 текше метр, Өзбекстан 2295 текше метр, Қырғызстан 1 989 текше метр, Тәжікстан 1 895 текше метр суды өз мақсатына қолданады. Елде жыл сайын тіркелетін қуаңшылықтың алдын алу мақсатында суды дұрыс тұтыну мәселесі Мәжіліс қабырғасында көтерілді. Депутат, AMANAT фракциясының мүшесі Данабек Исабеков нақты нәтижеге жете алмағаны үшін Су ресурстары және ирригация министрлігін сынға алды.
«Біздің елге келетін су көздері трансшекаралық өзендерге байлаулы. Су – біздің кемел келешегіміздің кепілі десек, қазірден бастап жүйелі жұмыстарды атқаруымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында су тапшылығының алдын алуда су шаруашылығы жүйесін тиімді жүргізуді, трансшекаралық суларды ұтымды пайдалануды Үкіметке шешуді тапсырды. Соған сай, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаны жарты жыл өтті. Министрліктің нақты бағыт-бағдарды, жүйелі жоспары қандай? Бұл сұраққа нақты жауапты қашан, қалай аламыз? AMANAT партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы 10 басымдықты қамтыса, соның ең негізгісінің бірі – су мәселесін шешу. Жауапты ведомство суды стратегиялық басымдық етіп, нақты қандай нәтижеге қол жеткізе алады. Бізге маңыздысы – осы!» - деді ол.
Мәселені шешу үшін суды үнемдейтін озық технологияларды енгізіп, инфрақұрылымын жетілдіру қажеттігі айтылды. Мемлекетаралық комиссияларда ел мүддесіне сай трансшекаралық өзендерден алатын судың нақты көлемін белгілеп, ел аумағында тездетіп су қоймаларын салуды шешу керек.
Барлық салаға қажетті суды цифрландырып, «көлеңкелі су нарығын» шектеу ұсынылды. Онсыз суды үнемдеу мүмкін емес.
«Шаруашылық су мен ауыз судың нормативін анықтап, көлік жуу орталықтарына ауыз суды қолдануды шектеу керек. Мәселен, Шымкент қаласы бойынша тәуліктік су тұтыну орта есеппен 198,9 мың текше метрді құрайды. Оңтүстіктегі мегаполисте 195 көлік жуу орыны бар. Бұл ресми тіркелген көлік жуу орны ғана. Енді қарапайым арифметика бойынша есептеп көрейік, бір автокөлікті толық жууға 50-60 литр су кетеді. Сонда бір тәулікте 195 көлік жуу орнында 10 көліктен жуылғанда 975 мың литр су, яғни 975 мың шаршы метр су шығындалады. Бұған ел аумағындағы қалалар мен кенттердегі мыңдаған көлік жуу орындарын қосыңыз», - деді депутат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2050 жылға қарай Орта Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін екенін айтқан болатын. Өзекті мәселеге қазір мойын бұрып, іске кіріспесе ертең кеш болатынын ескертті, депутат.
Айта кетерлігі, Біріккен Ұлттар Ұйымының 2023 жылға арналған дүниежүзілік суды дамыту есебінде әлем елдері халқының 26 пайызында таза ауыз су көзі жоқ, ал 46 пайызы антисанитарлық жағдайда өмір сүреді деп көрсетілген. Яғни 3,5 миллиардқа жуық адам жылына кемінде бір ай су стрессінде өмір сүреді. Соңғы 40 жылда жаһандық суды тұтыну жылына шамамен 1 пайызға өсіп келеді.
Ғалымдар дүние жүзіндегі судың 70 пайызы егін шаруашылығына кететіндіктен, салада суды үнемдеу технологиясын енгізуді кешіктірмеуді, өнеркәсіптен шығатын суды қайта өндеп, қолдануды көтеріп, дабыл қағуда.
Қазір судың маусымдық тапшылығы Орталық Африка, Шығыс Азия және Оңтүстік Американың кейбір аймағында сезіле бастаса, Таяу Шығыс пен Орталық Азияда су тапшылығының қауіптілігі арта түсті.