Университет шындықты көрсетуі керек - Саясат Нұрбек

Автор: Аягөз Құрмаш

Ведомство басшысы министрліктің стратегиясын айтты

Фото: Назарбаев Университетінің баспасөз қызметі

Nazarbayev University-де қоғамның әлеуметтік дамуы және әлеуметтік кәсіпкерлік тақырыбына арналған ауқымды ғылыми-тәжірибелік халықаралық конференциясында ғылыми зерттеу, әлеуметтік жоба мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек академиялық қауымдастық қоғамға қызмет етуі керегін айтты.

«Университет шындықты көрсетуі және қоғамға ашық болуы керек. Академиялық және студенттік қауымдастық қоғамға оң әсер етіп, қызмет етуі керек. Бұл идея министрліктің стратегиясының да бір бөлігі. Біз университеттерімізді ғылыми және әлеуметтік жобаларға белсендірек қатысуға итермелеп жатырмыз. NU-дың бұл бағыттағы тәжірибесі өте маңызды», - деді министр Саясат Нұрбек.

Панельдік сессияларда Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстаннан қатысушылары бас қосты. Аталған NU қорының көмегімен 2020 жылдан бері 55-тен астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, бенефициарларының қатарына 50 мыңнан астам адам, оның ішінде ауыл тұрғындары, балалар және халықтың әлеуметтік осал санаттарының өкілдері қосылды. Әлеуметтік стартаптардың бірі - Ozim Platform қоғамдық қоры. Қор мүшелері ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына арналған мобильді қосымшасын жасады.

«Біз NU-дың әлеуметтік жобалар байқауында жеңіске жетіп, жобаны 2021 жылы жүзеге асыра алдық. Бұған дейін өңірлер ерекше қажеттіліктері бар балалар туралы сенімді ақпарат көздеріне қол жеткізе алмаған. Біз ерекше қажеттіліктері бар балалар ата-аналарының өтініштерін талдап, зерттеп, арнайы мобильді қосымша жасадық. Оны ата-аналар да, мамандар да, мұғалімдер де пайдалана алады. Ozim платформасы ЮНИСЕФ бастамасымен халықаралық мәртебеге ие», - деп атап өтті ҚҚ құрылтайшысы Әсем Тәжиева.

Конференция барысында Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінің базасында құрылған NURCE ғылыми-зерттеу орталығының өкілдері әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарының нәтижелері туралы айтты. Орталық директоры, профессор Шумайла Юсуфзай бірнеше еңбектерді ерекше атап өтті.

 «Бұл мүмкіндіктер, қиындықтар мен табыстар туралы әңгімелер тек шабыт беріп қана қоймай, сонымен қатар Орталық Азияда неғұрлым инклюзивті экономикалық экожүйені құруға қызмет етеді. Өзінің бай мәдени мұрасы мен серпінді әлеуметтік-экономикалық ландшафтына ие аймақ әлі де пайдаланылмаған әлеуетке толы. Кәсіпкерлер кейде нарықтарға қол жеткізу және технология мүмкіндіктерін пайдалануда қиындықтарға тап болады. Дегенмен бұл қиындықтар инновацияларға мүмкіндік бере алады. Сондықтан біз барлығын осындай конференцияларға жинаймыз», - деді Юсуфзай Шумайла.