Авторлық құқық саласындағы даулар: заңды бұзған Әділет министрлігі соттардан жеңіліп жатыр

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Зияткерлік меншік департаменті авторлық құқықпен айналысатын ұйымдарды аккредиттеуден бас тартты

Фото: Изображение от <a href="https://ru.freepik.com/free-photo/dark-background-with-delicate-white-smoke_1096397.htm#fromView=search&page=1&position=24&uuid=7e26220f-048a-44f8-aa6c-f6184081392c">Freepik</a>

Қазақстанда Әділет министрлігіне байланысты жанжалдардың тыйылар түрі көрінбейді. Бұл жолғы келіспеушіліктер тек авторлық құқық туралы Заңның айналасында ғана болып жатқан жоқ. Белгілі болғандай, Әділет министрлігі көптеген ұйымдармен зияткерлік меншік саласында ұзақ уақыт бойы дауласып келеді. Алайда шенеуніктерге қуануға еш себеп жоқ. Сот олардың әрекеттерін заңсыз деп санайды. Әділет министрлігіндегі әділетсіздіктер туралы толығырақ Azattyq Rýhy агенттігі тарқатып көрмек.

Әуелі төмендегі бірнеше жағдайға көңіл аударсақ. 2022 жылы Қазақстандық зияткерлік меншік агенттігі (ҚЗМА) Әділет министрлігіне жүгінді. Ұйым алты қызмет түрі бойынша аккредиттеуді талап етті.

Алайда министрліктегі комиссия оларды аккредиттеуден бас тартты. Оның себебін ҚЗМА-нің өз міндеттерін орындамауы деп көрсетті. Атап айтқанда, 2020 жылғы жұмыс туралы ақпаратты мерзімінде ұсынбауын, сондай-ақ 2021 жылғы толық емес және дұрыс емес деректерді ұсынуын дәлел ретінде көрсетті.

ҚЗМА сотта өзінің құқығын қорғауға мәжбүр болды. Істі өткен жылдың наурыз айында Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарады. Сот процесі кезінде ұйым Әділет министрлігінің өкілдері бірқатар ережелер мен заңдарды бұзғанын дәлелдеді. Атап айтқанда, мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі комиссия туралы ереженің талаптары бұзылған. Сондай-ақ, алдын ала шешім қабылданбады, тыңдау туралы хабарлама жіберілмеді және Комиссия хаттамасына оның мүшелерінің бірі қол қоймады.

ҚЗМА министрлікпен келіспеді, өйткені 2020 жылғы жұмыс нәтижелері туралы ақпарат электронды түрде жіберілді, бұл Әділет министрінің хатымен расталды. Сонымен қатар, Әділет министрлігінің өкілдері агенттікке өздерінің кінәсіз екендігін дәлелдеуге мүмкіндік бермеді.

Мұның бәрі аккредиттеуден бас тарту туралы шешімдердің негізсіз және заңсыз екенін анық көрсетеді, өйткені 2021 жылға толық емес және дұрыс емес ақпарат беру фактісін растайтын қандай да бір қорытындылар, анықтамалар, әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы хаттамалар және авторлардың өтініштері болмаған.

Осының бәрін ескерген ҚЗМА соттан Әділет министрлігінің аккредиттеу туралы куәлік беруден бас тарту туралы шешімін заңсыз деп тануды және жоюды талап етті. Сот шешімі шығып, ұйымның талабы толық қанағаттандырылды, ал министрліктің аккредиттеуден бас тартуы заңсыз деп танылды және жойылды.

Алайда, шенеуніктер өздерінің кінәлі екенін сол қалпы мойындамады да, сезінбеді де. Әділет министрлігі даулы істі одан әрі аппеляцияға тапсырды. Бірақ ол кезде де олардың жолы болмады. Өткен жылдың 18 шілдесінде іс Алматы қалалық сотында қаралып, онда алдыңғы шешім өзгеріссіз қалдырылды. Осылайша, Әділет министрлігі екі сотта да жеңіліс тапты және оның әрекеттері заңсыз деп танылды.

Осыған ұқсас іс былтырғы жылдың сәуірінде Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралған еді. Бұл жолы министрлік өкілдерімен «Қазақ әуендерінің  орындаушылары» РҚБ тартысты. Министрлік ол кезде де ұйымды аккредиттеуден бас тартқан, нәтижесінде олар сот арқылы әділдік іздеді. Бұл жағдайда да сот РҚБ жағына шығып, ведомство қабылдаған шешімдердің күшін жою туралы қаулы шығарды.

Мамыр айында тағы бір процесс өтті, онда да Әділет министрлігінің әрекеті заңсыз деп танылды. Министрліктің құрамында Зияткерлік меншік құқығы департаменті (ЗМД) бар, ол зияткерлік меншік, авторлар және құқық иелерімен жұмыс істейді. Бұл салаға қатысты барлық істі сол жердегі қызметкерлер жүргізеді. Алайда көріп отырғанымыздай, тіпті қазақстандық соттар да Әділет министрлігінің әрекеттерін заңсыз деп танып, олардың күшін жоюды талап етіп отыр.

Жақында қазақстандық авторлар мен құқық иелері ЗМД-нің әрекеттеріне қарсы шыққанын ескере кеткен жөн. Олардың айтуынша, департамент мәжілісмен Ерлан Стамбеков және сенатор Жанна Асановамен бірге «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қолдауға мүдделі.

Құқық иелері мен қоғамдық ұйымдар  қайшылықты заң жобасына үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Олар Мемлекет басшысының атына ашық хат жолдады және оларды бұл жолыда әлемдегі ең ірі зияткерлік меншікті қорғау ұйымдары қолдады. Олардың барлығы ұсынылған түзетулер қабылданса, Қазақстанға өз елінде де, шетелде де авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау қиынға соғады деп санайды. Ұйымдар елімізде бірқатар халықаралық және қазақстандық заңдарды бұзатын монополия құруға тырысып жатқанын атап өтті.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, Қазақстанның Құрметті Журналисі Шаяхмет Алжамбаев жоғарыдағы әрекетерді өрескел қателік деп санайды.

«Сонау Тәуелсіздік алған жылдардан бері Авторлық құқық және авторларға қаламақы  төлеу мәселесімен тек Қоғамдық Ұйымдар айналысып келеді. Бұл мәселеде олар тарапынан оңды нәтижелерге қол жеткізіліп, өз жемісін бере бастағанына бүгінде бәріміздің де көзіміз жетіп отыр. Сондықтан ендігі жерде авторлар құқығына қатысты мәселені мемлекеттендіру,  дәлірек айтқанда «КазПатенттің» құрамына өткізу – бұл үлкен қателік дер едім. Өткенде ғана осы мәселе жөнінде өткізілген конференцияда Заң ғылымдарының докторы, осы саладағы белгілі маман Төлеш Ергенұлы Қаудыров: «Бұл мәселені мемлекеттің қарамағына өткізуге әсіресе «КазПатенттің» құрамына беру авторлар құқына белгілі бір дәрежеде қауіп төндіретіні сөзсіз. Сонымен бірге бүгінде қызметін жалғастырып келе жатқан Қоғамдық ұйым болып саналатын Авторлық Қоғамдар бір-бірімен ынтымақтаса жұмыс жүргізгені жөн» деп өз ойын білдірді. Мен де оның бұл пікірі мен ұсынысын толық қолдаймын және еліміздегі авторлардың да дені осындай көзқараста болып отыр», - деді ол.

Алжамбаев, бұл істі монополияландыру, әрі мемлекет бюджетінен қаржы сұрау - онсыз да әлеуметтік мәселелерді шешуде біріне тартса біріне жеткізе алмай отырған Үкіметке салмақ салумен бірдей деп санайды. Өйткені, бүгінге дейін аталған мәселемен айналысып келе жатқан Қоғамдық Ұйымдар бюджеттен бір тиын да сұраған емес.

«Сондықтан бюджет қоржынынан қосымша қаржылай шығын шығарып бұл мәселені толықтай мемлекет қарауына өткізу ешбір оңды нәтижеге апарып соқпасы анық. Тағы да айтарым. ұзақ жылдардан бері Авторлар құқығы мен оларға қаламақы төлеу мәселесімен айналысып келе жатқан Қоғамдық Ұйымдар ғана авторлар құқын қорғай алады.  Өйткені кез келген автор туындай қалған мәселесі бойынша сол өзі мүшелікте тұрған Авторлық Қоғамға арыз-шағымын бірден түсіре алады және тез арада оңды нәтижеге қол жеткізеді», - деді Шаяхмет Алжамбаев.

Әділет министрлігінің әрекеттерін қазақстандық авторлар мен құқық иелері ғана емес, сотта заңсыз деп тапса, ЗМД-нің қызметкерлері өз жұмысын қандай негізде жалғастырып жатыр деген сұрақ туындайды? Бірақ бұл сұрақ басы ашық күйінде қалып отыр.