$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.02.2024, 23:34
Қоғам

Талдықорғанда 100-ден аса отбасы өздеріне тиесілі баспанаға көшіп кіре алмай жүр

Тағаты таусылған тұрғындар қала әкімінің орынбасарымен бірге үйді аралап шықты

Талдықорғанда 100-ден аса отбасы өздеріне тиесілі баспанаға көшіп кіре алмай жүр
Бейнеден кадр

Талдықорғанда 100-ден аса отбасы жыл басынан бері өздеріне тиесілі баспанаға көшіп кіре алмай жүр. Себебі көп қабатты үйге су толық берілмеген, ал электр жарығы мүлдем жоқ. Тұрғындар «мемлекеттік бағдарламамен алынған пәтерде тұрмасақ та ипотекасын төлеуге мәжбүрміз» деп ашынып отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy 24KZ арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Назира Нұрланқызы баспанасының құжаттарын желтоқсан айының соңында алды. Содан бері ол ипотекалық несиесін екі рет төлеген. Бірақ әлі күнге дейін пәтеріне көшіп кіре алмай жүр.

 «Қиналып кеттік. Мен өзім жұмыс істеймін. Күйеуім де жұмыс істейді. Тоқсан мыңнан. Біз аннан-мұннан құрап, екі жүз мыңнан төлеп отырмыз. Ай сайын. Квартирада тұрамыз арендада. Квартираның ақшасын бір шығарамыз, ипотеканың ақшасын бір шығарып отырмыз қазір», - дейді қала тұрғыны Назира Нұрланқызы.

 Тағаты таусылған тұрғындар қала әкімінің орынбасарымен бірге үйді аралап шықты. Жертөледе қатқан мұзды, қабырғадағы жарықты көрген олар жағасын ұстады. Мердігер мекеме өкіліне пәтер ішіндегі кемшіліктерді де көзге шұқығандай көрсетіп берді. 

110 пәтерлі көп қабатты үй «Тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту» бағдарламасы арқылы өткен жылдың соңында пайдалануға берілуі тиіс еді. Электр жарығы, жылуы болмаған нысанның қабылданып, мемлекеттік жобамен сатылып кеткеніне тұрғындар аң-таң.

 «Қабылданып кеткеннен кейін болған ақауды қазір қалпына келтіріп жатырмыз. Соны «Жаркент-Алғыр» компаниясының басшыларымен сөйлестік, Осы жерде прорабтары да жүр. Бригадасы келеді. Осы жерде жүрген адамдарымен гарантиялық мерзімімен уже жұмыс басталып кетті. Вентиляциялық шахталарын ауыстырып береді. Қосымша біз ГАСК-ке шағым жасадық біздің құрылыс бөлімінен мердігерді технодзорды жауапқа тартамыз заң аясында. Айыппұл саламыз немесе лицензиясын тартып аламыз», - деді қала әкімінің орынбасары Рүстем Бершінбеков.

 Электр тоғын тартатын компания алғашқы трансформатордан ақау шығып, қазір екіншісін орнатып жатқанын жеткізді. Ал қала әкімінің орынбасары мен мердігер мекеме өкілі «бір жетінің ішінде кемшілікті ретке келтіріп, пәтерлерді пайдалануға береміз» деп тұрғындарға уәде берді.

Серіктес жаңалықтары