«Ер-азаматтың рөлін «сүмірейтіп» жіберген жоқпыз ба?»: Бапи «Отағасы туралы» заң қабылдау керектігін айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Депутат қоғамда әкелердің рөлі төмендеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді

Фото: Е. Бапидың жеке архиві

Мәжілістің жалпы отырысында депутат, Ермұрат Бапи әкелердің рөлі төмендегенін айтып, оны көтеретін ұсынысын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Біз осы заң жобасының табиғатынан әкенің рөлін, ер-азаматтың рөлін «сүмірейтіп» жіберген жоқпыз ба? Осы жөнінде заң жобасының авторы ретінде сіздің (депутат Сүлейменова – авт.) жеке пікіріңізді білгім келеді. Бұл заң жобасы негізінен жалпы қазақстандық мүддені қорғайды ғой. Бұл жерде ұлт, ұлыс деген жоқ. Бірақ назарымыздан шығармайтын бір мәселе бар. Қазақстан халқының 70%-дан астамы қазақ екенін білеміз. Осы залда отырғандардың көпшілігі «әкең келе жатыр», «осыдан әкең келсін, әкең сазайыңды береді» деген тәрбиемен өстік. Осы тұрғыдан келгенде бір әкенің, ер-азаматтың рөлін көтеру үшін бәлкім «отағасы туралы «заң қабылдауымыз керек шығар?!.Сіздің өз ойыңыз қандай, соны білгім келеді», - деп сұрады ол  әйелдер мен балалар туралы заң жайлы баяндаған Жұлдыз Сүлейменовадан.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова әріптесінің сұрағына жауап берді.

«Менің жеке позициям: әке – асқар тау. Әкенің орны да, рөлі де қазақтың тәрбиесінде, қазақтың отбасы институтында ерекше. Егер ұлт және ұлттың болашағы десек, онда «әке» деген сөзбен олардың түгел байланысып, сабақтасып жатқанын білеміз. Бірақ біз бұл заңмен бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйелдің бүгінгі таңда тұрмыстағы қарым-қатынасына патриархалды озбырлығына тосқауыл қоятын баптарды енгізіп отырмыз», - деді депутат.

Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова заң жобасын талқылау барысындағы комитет отырыстарында да алаңдаушылықтар болғанын айтты.

«Бізде қазір денсаулыққа қасқана жеңіл зиян келтіру бабына қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Бұл баптар тек әйел мен баланың құқығына бағытталғанымен, барлық азаматқа қатысты жүзеге асырылады», - деді ол.

Мәжілістің жалпы отырысында AMANAT депутаты Аманжол Әлтай да әйелдерден қысым көретін еркектер баршылық екенін айтты.