Алматыда монғолиялық қазақтар қайырымдылық шарасын өткізді

Автор: Azattyq Rýhy

Олар 42 мың келіден астам азық-түлікті тегін таратты

Фотолар: Әсет Құндақбаев

Алматылық 1380 отбасына азық-түлік салынған қорап таратылды. Ізгі іске ұйытқы болған  монғолиялық жас жігіттер 42 мың келіден астам азық-түлікті небәрі бір аптадан астам уақытта  дайындаған. Әр қораптың салмағы 29-40 келі аралығында.

«Бұл жігіттер бүгін 8 ауданға азық-түлік таратты. Әр ауданда мұқтаж адамдардың тізімі жасалған. Біз өзіміздің аудандағы жағдайы нашар отбасылар үшін 150 қорапты алып бара жатырмыз. Әр жәшікте 39 келідей азық-түлік бар. Ауданда табысынан айырылған, қиын жағдайда қалған 350 адамның тізімін жасап бұл жігіттерге бердік», - деді Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

Аудан әкімінің айтуынша, қиын кезде бұл жігіттердің халық пен билікке қолдау көрсетуі бірінші рет емес. Олар бұған дейін Алатау ауданының әкімдігіне 700 мың теңгенің медициналық қорғаныш құралдарын табыстаған.

«20 наурыз күні көшедегі адамдарға 400 мың теңгенің маскасын тегін тараттық. Кәсіпкер достарымызбен біріге отырып блок-бекеттерде кезекшілікте тұрған қызметкерлерге науыз көше дайындап, ыстық аспен қамтамасыз еттік.  Алматыда коронавируспен күресіп жатқан 40 медбикенің әрқайсысына 30 мың теңгеден тараттық. Медбикелердің жұмыстары қиын. Бірақ олар соған қарамастан халықтан да, басшылардан да сын естіп жатады. Сондықтан қиын сәтте қолдау болсын дедік», - деді қайырымдылық акциясын ұйымдастырушы кәсіпкер Сырымбек Тауұлы.

Шараны ұйымдастырушылар әу баста тек өздерінің кеңселері орналасқан Алатау ауданына ғана көмек қолын созбақ болған. Алайда мұқтаж отбасылар санының артуы мен қайырымды кәсіпкерлердің қолдауы қаланың 8 ауданын қамтуға көмек болған.

«Қиын сәтте қолдауды тоқтатқымыз келмей, таныстарымызбен бірігіп шараны жалғастыра бермекпіз. Бұған дейін 10 мың теңге және 40 келілік азық-түлік қорабын 40 отьбасына берген едік. Компаниядан тағы да қаражат бөліп, мейірімді жандардың қолдауымен Алматыдағы көпбалалы 280 адамға 5 миллион 600 мың теңгені таратып бердік. Ағайындығымызды осындай ел басына қиындық туғанда көрсетпесек, батырдың ұрпағымыз деп мақтанудың қажеті қанша?», - деді Нұрым Тауұлы.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы