Семей орманындағы өртке сырттан келген қастандық әсер етті ме – министр жауап берді

Автор: Аягөз Құрмаш

Өрттің ең басты себебі найзағай болып отыр

Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Мәжілісте Орман өрттерінің алдын алу және олармен күрес тақырыбына арналған Үкімет сағатында депутат Ермұрат Бапи Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтан орман өрттерінің себебі жайлы сұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Баршамызға мәлім, Қазақстан орман-тоғайы мардымсыз елдер қатарына жатады. Еліміздің орман көлемі 5 пайыз ғана. Біз елдегі орман қорын аялап, сақтап, оның қорын молайтуымыз керек. Ал біздегі жағдай керісінше болып отыр. Өткен жылдары, Қостанай облысында және Семей ормандарында алапат өрт болған кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке нақты тапсырмалар берген еді», - деді депутат.

Бәпи министрге өзінің бірнеше сұрағын жолдады.

«Бүгінде орман қорын қалпына келтіру мәселесінде Абай және Қостанай облыстарында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Орман қорын толық қалпына келтірудің болашақтағы мүмкіндігі қандай? Семей ормандарында болған алапат өрттің шығыны толық анықталды ма? Әлеуметтік желілерде болған өрттерге сыртқы қастандықтың әсері бар деген қауесет тарады. Осы ақпарат тексерілді ме? Нәтижесі қандай?» – деп сұрады депутат Ермұрат Бапи ведомство басшысынан.

Тақырыпқа орай: «Семей орманы» аумағында өртті ерте анықтау жүйесін енгізу қолдау таппай отыр – депутат

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев орман өртінің алдын алу бойынша бүгінде қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Үкімет комиссиясы өз жұмысында өрттің себебін белгіледі. Найзағай тиген ағаш тұр. Өрттің басты себебі – найзағай. Бір жағынан секундына 25-28 метр болған жел өртті таратып әкетті. Екінші себебі осы», - деп жауап берді министр.

Еске сала кетейік, Абай облысындағы алапат өрт кезінде 14 адам қаза тапқан болатын.