Ол 80 тексеріс жоспарланып, тек біреуі ғана орындалғанын айтты
Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Экология комитетінің жұмысын санап, орман саласындағы кадр тапшылығы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Орман заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын Орман шаруашылығы комитетінің жұмысы да көңілден шықпай отыр. Соңғы 2 жылда табиғатты қорғау мекемелерінің объектілерінде 80-нен астам тексеру жоспарланғанымен, тек біреуіне ғана тексеру жүргізілген. Басқаша айтқанда, комитет республика өңірлеріндегі нақты ахуалдан және нақты мәселелерден хабарсыз деуге болады», - деді депутат.
Жаңбыршиннің айтуынша, бұл кешенді тексеру жоспарларын жасау кезінде комитет басшылығының өзекті әрі маңызды мәселелерді ескермейтінін және осы салада болып жатқан жағдайдан бейхабар екенін көрсетіп отыр.
«Орман мекемелерінде кадрлардың жетіспеушілігі бар. Мысалы, ШҚО-ның 13 орман шаруашылығында 747 орманшы қызмет атқарады, бұл нормативтің 70%-ы. Бір орманшының қамтитын аумағы 3 мың гектардай. Жүктеме үлкен. Бұдан басқа жалақы мен әлеуметтік қолдау сұрақтары, орман мекемелерінің қызметкерлерін орман өрттерін сөндіру тактикасы мен тәсілдеріне оқыту, сондай-ақ қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша сапалы даярлау жүйесінің болмауы өзекті мәселелердің бірі болып отыр», - деді депутат.