Қайрат Имашев әрбір тұрғын құқықтық сауаттылығын арттыру қажет екенін айтты
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Имашев Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан тапсырмалары жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің экономикалық дамулары мен алдағы уақыттағы атқарылатын жұмыстар жайлы тапсырмалар берді. Қоғамның дертіне айналған – сыбайлас жемқорлық мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Президент: «Тағы бір өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлық. Бұл – құрылыс саласын ғана емес, жалпы экономиканы дамытуға тосқауыл болатын фактор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағытта біраз жұмыс жасалды, нәтиже де бар. Бірақ, солай екен деп, босаңсуға болмайды. Жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, цифрландыруды белсенді түрде қолдану керек», - деп атап көрсетті», - дейді депутат.
Қайрат Имашевтің айтуынша, еліміздегі жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру заман талабы болып отыр.
«Әрбір тұрғын құқықтық сауаттылығын арттыратын болса, дертпен күресуге мүмкіндік болар еді. Сонымен қатар, еліміздің дамуындағы макроэкономикалық, инвестициялық саясатты жүзеге асыруда белсенділік танытуымыз қажет деген ұстанымын алға тартты. Үкіметке тиісті тапсырмалар беріп, елдің дамуына барлық жұмыстар атқарылуы қажет екенін атап өтті», - деді ол.